Ұлттық статистика бюросының болжамды деректеріне сәйкес, еліміздің 2025 жылғы қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 6 пайызға жетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, экономиканың негізгі салаларында: көлікте (22,4%), саудада (7%) даму қарқынының артқаны байқалады. Өсім ауыл шаруашылығы (3,9%) және байланыс (2,6%) салаларында да тіркелді.
"Көлік саласындағы өсім саланың жалпы көлеміндегі үлестері тиісінше 20,5% және 19,6%-ды құрайтын темір жол және құбыр көлігімен жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Жоғары динамика Түркістан (21,8%), Жамбыл (11,2%) және Абай (14,9%) облыстарында тіркелді", – деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.
Құрылыс саласында нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2%-ды құрады. Сонымен қатар, құрылыс кезеңін ескере отырып, жұмыстарды орындау қарқынын арттыру және жобалар құнының өсуіне жол бермеу үшін жергілікті жерлерде қажетті үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті.
Бірқатар өңірлер:
- Түркістан облысы – жемістерді, көкөністерді, фармацевтикалық тауарларды сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%;
- Ақмола облысы – астықты, тұқымдарды және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%;
- Шымкент – дизель отынын, фармацевтикалық тауарларды, қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті.
Өнеркәсіпте өндіріс индексі 6,4% жетті. Өсім тау-кен секторында – 7,1%, атап айтқанда көмір өндіруді ұлғайту есебінен (11,2%) байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 7,2% құрайды, оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу (12%), темекі өнімдерін (26,3%), химиялық өнімдерді өндіру (11,2%) және машина жасау (11,2%).
Ауыл шаруашылығы оң динамиканы көрсетуде. Жалпы өнім индексі қаңтар-сәуір айларында 3,9%-ды құрады.