Ұлттық киім киген қыздар Антальяда өткен COP31 конференциясының жұлдыздарына айналды

291

Павильоны еліміздің табиғи мұрасын, заманауи экологиялық жобалары мен болашақ технологияларын таныстырады.

Ұлттық киім киген қыздар Антальяда өткен COP31 конференциясының жұлдыздарына айналды Фото: gov.kz

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның ұлттық павильоны шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әсіресе ұлттық киім киген екі қазақ қызы конференция қатысушыларының назарын аударған.

Бес күннен бері павильонға келген шетелдік делегациялар мен конференция қонақтары Райхан Вильямис пен Айзере Маханбетпен естелік суретке түсу үшін арнайы тоқтайды. Тіпті суретке түскісі келетіндердің көптігінен Қазақстан павильонының алдында кезек пайда болған.

Райхан мен Айзере – Қазақстаннан барған студенттер. Олар конференцияда ерікті ретінде жұмыс істеп жүр.

Алматыдан келген Райхан Антальяда "Түрік тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқиды. Ал Орал қаласының тумасы Айзере "Саясаттану және халықаралық қатынастар" бағыты бойынша бакалавриаттың екінші курсында білім алып жүр.

Ұлттық киімдегі қыздар шетелдік қонақтарға қазақ мәдениетін таныстырып, Қазақстан павильонының ерекшелігін айшықтай түсті.

Айта кетейік, COP31 конференциясындағы Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің табиғи мұрасын, экологиялық жобалары мен болашақ технологияларын таныстырады.

Экспозицияда ормандарды қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу, метан шығарындыларын азайту және жасыл энергетиканы дамыту жобалары ұсынылған. Сондай-ақ Каспий мен Арал теңіздерінің экожүйелерін сақтау және климаттық мониторинг мәселелеріне арналған цифрлық шешімдер таныстырылып жатыр.

Павильон қонақтарының қызығушылығын жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, Тұран жолбарыстары бейнесіндегі Үміт пен Амур атты интерактивті гидтер де тудырып отыр.

Сонымен қатар COP31 аясында Қазақстан делегациясы жаңартылатын энергетиканы дамыту және газ инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жалпы сомасы шамамен 1,2 млрд доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды.

9–20 қараша аралығында Қазақстан павильонында климаттық қаржыландыру, көміртегі нарықтары, циркулярлық экономика, жасыл технологиялар және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарына арналған 38 іс-шара өткізу жоспарланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу