2026 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап нысаналы жинақ алу бойынша 252 842 өтініш орындалып, жалпы сомасы 41,84 миллион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторларға аударылды. Олар, өз кезегінде, қаражатты 18 жасқа толған өтініш беруші азаматтардың банктік шоттарына есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 26,35 млн АҚШ долларына 158 774 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 15,49 млн АҚШ долларына 94 068 өтініш қанағаттандырылды.
Тұрғын үйді жақсартуға арналған қаражатты пайдаланудың ең танымал қосалқы мақсаттары: одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақтарындағы салымды толықтыру (25,79 млн АҚШ долларына 155 126 өтініш орындалды), тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу – 193,16 мың АҚШ долларына 1247 өтініш, азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) – 134,32 мың АҚШ долларына 893 өтініш.
Білім беру ақысын төлеу шеңберіндегі ең танымал қосалқы мақсаттар: Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу (14,44 млн АҚШ долларына 86 258 өтініш орындалды), білім беруге жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беруге жинақтау салымын толықтыру (704,23 мың АҚШ долларына 5 402 өтініш орындалды), шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде біржолғы (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеуге (280,81 мың АҚШ долларына 1 955 өтініш орындалды) төлем жасау.
Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.
18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.
Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балада барлық жинақталған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық кірісті қоса алғанда) :
- үшінші жыл - 370 доллар 56 цент;
- екінші жыл - 263 доллар 93 цент;
- бірінші жыл қатысып отырған баланың шотында 130 доллар 71 цент.
Кәмелетке толған азаматтар өздерінің НЖ туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның немесе электрондық үкіметтің интернет-ресурстарындағы жеке кабинеті арқылы дербес алуы тиіс, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларында банктік шот ашу және тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу үшін НЖ төлеміне онлайн-өтініш беру үшін жүгінуі тиіс.
Бүгінгі күні уәкілетті операторлар:
- "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй және білім алу ақысын төлеу),
- "Халық банкі" АҚ (білім алу ақысын төлеу),
- "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім алу ақысын төлеу).
Нысаналы талаптарға қатысушы кәмелетке толмаған балалар және нысаналы жинақтарды кәмелетке толған алушылар бойынша, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үйге және (немесе) білім алуға пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады.