Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 238 млн АҚШ долларынан 235 млн АҚШ долларына дейін азайды. Жалпы сауда-саттық көлемі 4,7 млрд АҚШ долларын құрады, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлттық банкке сілтеме жасап.
Мамырда Ұлттық қордан 988 млн доллар, маусымда 800 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 17%-ын немесе күніне шамамен 40 млн АҚШ долларын құрады.
Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған алдын ала болжамды өтінімдері бойынша шілдеде Ұлттық Банк Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейін валюта сататыны күтіледі.
"Айналау" операциясы аясында маусымда 213 млрд теңге алынды. Шілде айында осы мақсатта шамамен 290 млрд теңге баламасында валюта сату жоспарланып отыр.
Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ "айналау" тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, ол шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Ұлттық Банк маусым айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айда шамамен 322 млн АҚШ доллар сатылды.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұзақмерзімді кезеңде кемінде 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк маусым айында биржа сауда-саттығында шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 188 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 4%-ын құрады.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарушы ретінде портфельді әртараптандыру және ұзақмерзімді кезеңде нақты кірістілік алу мақсатында нарықтық конъюнктураға байланысты шетел валютасын сатып алуды жалғастырады. Бұл ретте, зейнетақы активтерінің болжамды динамикасын ескере отырып, шілде айында валютаны жоспарлы сатып алу көлемі 100 млн АҚШ долларынан аспайды.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығындағы барлық операциялар туралы толық ақпаратты жариялап отырады. Қысқамерзімді перспективада теңге бағамының динамикасы нарық қатысушыларының күтуіне, тоқсан сайынғы салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси өзгерістерге байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанады.