Ұлттық Олимпиада комитеті спорттың дамуына жауапты емес – Андрей Крюков

1013

"ҰОК институционалды қызметпен айналысады". 

Ұлттық Олимпиада комитеті спорттың дамуына жауапты емес – Андрей Крюков

Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков ұйымға мемлекет қаржысының бөлінбейтініне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның пікірінше, бүгінде ҰОК-ті сынайтындар көп.

"Өкінішке қарай біз әртүрлі сұрақтарды естіп жатырмыз. Олар шатасқан сияқты. Мысалы, Ұлттық Олимпиада комитеті бюджет қаржысынан айырылды, енді мемлекет ҰОК-ті қаржыландырмайды, ҰОК ықпалынан айырылды деген әңгімелер айтылып жатыр. Бұл мәселелерге байыппен қарау керек. Манипуляция жасаудың, түсінікті шатастырудың керегі жоқ. Мұнда сіздерге өзіміз көмектесу керек сияқтымыз", – деді Андрей Крюков орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол комитет Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

"Ол жұмысын жалғастыра береді. Біз – әлемдік стандарттар мен Олимпиадалық хартияға сәйкес құрылған қоғамдық ұйымбыз. ҰОК институционалды қызметпен айналысады. Ол Олимпиадалық қозғалысты дамыту, федерация қызметін дамыту, олимпиадалық құндылықты ілгерілету бойынша жұмыс істейді", – деді бас хатшы.

Андрей Крюков ҰОК халықаралық Олимпиада комитеті аккредиттеген қоғамдық ұйым екенін айтты.

"Ұлттық Олимпиада комитеті спорттың дамуына жауапты Қазақстанның дене шынықтыру субъектісі болып саналмайды, әрі комитет мемлекеттік қызметті атқармайды. Елдегі спорттың дамуына орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жауап береді. ҰОК оған жүктелуі мүмкін барлық функцияның жауапкершілігін сезіне отырып, бұл жұмысқа толық қатысады. Мысалы, мемлекеттік тапсырма – бірлескен жұмысымыз бен ортақ жауапкершілігіміздің жарқын үлгісі", деді Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құрамаларды ұстап тұруға бағытталатын қаржыны өзі бақылауға алатынын хабарлаған. Осылайша, биыл 1 сәуірден бастап ҰОК-қа қазынадан қаржы бөлінбейді. 

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу