Ұлттық санақтың бірінші кезеңі жүріп жатыр

878

Санақтың 1-кезеңіне 5 мыңнан аса интервьюер жұмылдырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ұлттық санақтың бірінші кезеңі жүріп жатыр

Барлық елдімекенде Ұлттық санаққа дайындық жүріп жатыр. 1-30 маусым аралығында интервьюерлер (тіркеушілер) әрбір елдімекен бойынша тұрғын жайлар, тұрғын үйлер (тұрғын жай ғимараттары) және тұрғын үй ретінде пайдаланылатын орындардың барлығын аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратындардың санын нақтылайтын болады.

Алайда тұрғындар арасында санақтың бірінші кезеңі бойынша түсініспеушіліктер туындап отыр. Осыған байланысты Ұлттық статистика бюросы тұрғындарды халық санағына белсенді қатысуға шақырады.

Айта кетейік, халық санағының 1-кезеңінің басты мақсаты – мекенжайлар мен онда тұратын азаматтардың санын нақтылау.

"Бірінші кезеңде түзілетін тізімдер қалалық және ауылдық елдімекендердің аумақтарын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне дұрыс бөлу және тұрғын санын екінші кезең санағына, яғни аудандастыру үшін санақ қызметкеріне жүктеме көлеміне сәйкес біркелкі бөлу үшін қажет. Сондай-ақ, бұл санақ кезінде тұрғындар есебін толықтай қамтуға мүмкіндік береді",– деп түсіндіреді бюродан.

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 1 маусымнан бастап барлығы 5 405 интервьюер және 773 нұсқаушы-бақылаушы қажетті мәліметтерді жинауда.

Нысандарды аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстырып, санақ интервьюерінің куәлігін көрсетуі керек, келуінің мақсатын нақты және қысқаша түсіндіріп, сол үй-жайда тұрақты (әдетте) тұратындардың мекен-жайларын және санын сұрайды.

Еске сала кетейік, Ұлттық санақтың негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі аралықта өтеді. Оған онлайн режимінде де, сондай-ақ, дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу