Ұлттық спорт күнін жамбылдықтар жоғары деңгейде атап өтті

248

Мерекеге орай Тараз қаласы мен аудан орталықтарында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.  

Ұлттық спорт күнін жамбылдықтар жоғары деңгейде атап өтті Фото: Inbusiness.kz

Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еритін әз Наурыз мерекесі "Наурызнама" онкүндігі аясында ерекше тойлануда.

Әр күнге атау беріліп, көкжиегі кеңейген Ұлыстың ұлы күнін тараздықтар да айрықша қарсы алып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Айталық, мерекеге орай ұлттық ойындарды қолдау, дамыту, жастардың танымдық-қозғалыс белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтына баулу, спортқа икемді жастарды анықтау, ұлтымыздың салт-дәстүрін сақтауға шақыру мақсатында Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде "Ер қаруы – бес қару" атты ұлттық ойындар фестивалі өтті. Сайыс барысында қатысушылар садақ ату, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру, ләңгі тебу, қол күрес сынды барлығы 6 спорт түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.

Шара соңында сайыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Аталмыш фестиваль алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сонымен қатар тұрғындар арасында командалық көкпардан облыстық ашық турнир өтуде. Жарысқа Т.Рысқұлов ауданынан 2 команда, Жамбыл ауданынан 4 команда, Байзақ ауданынан 1 команда, Жуалы ауданын 1 команда, Тараз қаласынан 4 команда, жалпы 12 команда қатысып жатыр.

Жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан арнайы кубок, медаль, диплом, естелік сыйлықтар және демеушілер тарапынан ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу