Ұлттық статистика бюросы пайдаланушылармен онлайн-сессия өткізді

352

Кездесуде еңбек ақы, инфляция және деректерге қолжетімділік мәселелері талқыланды.  

Ұлттық статистика бюросы пайдаланушылармен онлайн-сессия өткізді Фото: stat.gov.kz

Ұлттық статистика бюросы ресми статистикалық ақпаратты пайдаланушылармен кезекті онлайн-сессия ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың, жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу қауымдастығының өкілдері және түрлі сала сарапшылары қатысты.

Тұрақты онлайн-сессиялар статистика деректерін пайдаланушылармен ашық диалог орнатып, өзекті мәселелерді талқылауға және Бюро мен кәсіби қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Кездесу барысында Бюро мамандары негізгі жұмыс бағыттарын таныстырып, қатысушыларды өзекті статистикалық көрсеткіштермен таныстырды. Әсіресе еңбек ақы статистикасы, инфляцияны есептеу және статистикалық процестерде баламалы дереккөздерді пайдалану мәселелеріне назар аударылды.

Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен талдамалық жұмыстар жүргізу үшін дербестендірілмеген статистикалық деректер базасына қол жеткізу мүмкіндіктері айтылды.

Ерекше қызығушылық тудырған тақырыптардың бірі – "Зерттеушінің виртуалды кабинеті" цифрлық сервисі болды. 2025 жылдан бастап бұл сервис арқылы қазақстандық және шетелдік зерттеушілер Бюроның ресми интернет-ресурсындағы дербестендірілмеген деректер базасына қол жеткізе алады.

Халықаралық ұйым өкілдері үшін деректерге қол жеткізу арнайы жабдықталған зерттеуші кабинеттері арқылы жүзеге асырылады. Бұл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бақыланатын зерттеу ортасын қалыптастырады.

Жоба ғылыми зерттеулердің дамуына ықпал етіп, талдамалық жұмыстардың сапасын арттыруға және қазақстандық пен шетелдік ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу