Балаларды қорғау күні қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Астана қаласындағы "Ана мен бала" ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Игі шараға Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, медициналық орталық қызметкерлері, ата-аналар мен балалар қатысты. Мерекелік бағдарлама аясында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан орталыққа және ем алып жатқан бүлдіршіндерге сыйлықтар табысталды.
Балалар үшін арнайы концерт ұйымдастырылып, құқықтық тәртіп әскерінің үлгілі-көрсетілім оркестрі өнер көрсетті. Оркестр орындаған балаларға арналған танымал шығармалар мен әлемдік туындылар көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Ән-би ансамблінің әртістері де сахнаға шығып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында балалар мен олардың ата-аналары қару-жарақтың, брондалған техникалардың және жеке қорғаныс құралдарының көрмесін тамашалады. Қонақтар әскери техникамен танысып, естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де ықпал етеді.