ҚР ІІМ Ұлттық ұланында әскери ортадағы өзара қолдау мен жауынгерлік бауырластықты нығайту мақсатында "Ұландық дос" жобасы қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл бастама елордада орналасқан 5573 әскери бөліміндегі мерзімді әскери қызметшілер арасындағы сенімді арттыруға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп жатыр.
Жаңа жүйеде сарбаздар 2-5 адамнан шағын топтарға біріктіріледі. Олар қызмет барысында да, күнделікті әскери өмірде де бір-біріне тірек болып, туындаған мәселелерді шешуге және моральдық тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Бастама шеңберінде әр өңірден келген жастар бір-біріне бауыр басып үлгерді.
Мәселен, Шымкенттен мерзімді әскери қызметке шақыртылған қатардағы Мұхамедәлі Құралбек пен Семей тумасы Данияр Кеңесов алғашында бір-біріне мүлде бейтаныс болған. Мұхамедәлі Ұлттық ұлан сапына Даниярдан кейін қосылған. Жаңа орта, жаңа талап, жаңа тәртіп – әр сарбаз үшін жауапты кезең. Сол сәтте Данияр жаңадан келген қаруласына алғашқы күннен-ақ қолдау білдіріп, әскердің күн тәртібіне тез бейімделуіне көмектесті.
"Ұландық дос" аясында бір топқа біріктірілгеннен кейін жігіттер қысқа уақыт ішінде тіл табысып кетті. Олар бірге жауынгерлік кезекшілікке түседі, жауынгерлік дайындықта бір-біріне көмектеседі, тапсырманы қатар орындайды. Біреуі шаршап тұрса, екіншісі демеп жібереді. Осындай өзара сенім олардың әскери ұжымға тез сіңісіп кетуіне мүмкіндік берген.
"Бос сәттерде біз жиі әңгімелесіп, туған жерімізді еске аламыз. Мен Даниярға оңтүстіктің салт-дәстүрін айтып беремін, ал ол семейлік өңірдің ерекшеліктерімен бөліседі. Осылайша саптағы серіктестік бірте-бірте шынайы достыққа айналды", – дейді қатардағы Мұхамедәлі Құралбек.
Бөлім қолбасшылығының айтуынша, бұл тәсіл командирлерге жеке құрамның көңіл күйін бақылауға, туындаған мәселелерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Айта кетсек, жоба қазір пилоттық форматта іске асырылуда. Егер бастама өз нәтижесін көрсетсе, "Ұландық дос" әдістемесі Ұлттық ұланның барлық әскери бөліміне енгізілмек.