Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, академик және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға әскери қызметшілер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қонақтар қатысты. Дәрісхананың ашылуы батырдың ерлік жолын ұлықтап, оның бай рухани мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды шара болды.
Салтанатты жиында әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Жәнібек Сәрсенов сөз сөйлеп, Мәлік Ғабдуллин есімін дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар запастағы полиция полковнигі, Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері және Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабибулла Ғазизов батырдың ел тарихындағы ерекше орны туралы пікір білдірді.
Дәрісхананың ашылу рәсімінде әскери бөлім командирі полковник Берік Қожахметов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы генерал-майор Жұмабек Хасенов және Хабибулла Ғазизов салтанатты түрде лента қиып, жаңа дәрісхананы ресми түрде ашты.
Іс-шара соңында қатысушылар Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен жауынгерлік жолына арналған дәрісханамен танысып, батыр туралы 1943 жылы түсірілген тарихи деректі фильмді тамашалады. Бұл туынды майдандағы ерлігімен танылған қаһарманның тұлғасын танытып, оның ел алдындағы еңбегін дәріптейтін құнды тарихи мұра саналады.