Ұлы Даланың мың жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді

376

Қазақстан креативті индустриясы өсіп, халықаралық нарықтағы позициясын нығайтып келеді.  

Ұлы Даланың мың жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі мәдени байланыстарды нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Іс-шараға Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстанның Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің, сондай-ақ Достастыққа мүше барлық елдер көшбасшыларының тікелей қолдауымен және қатысуымен креативті индустриялар мен мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамыту ТМД-ның күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті әрі сұранысқа ие бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстан мәдениет пен шығармашылық қызметті қолдауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары деңгейінде бекіте отырып, аталған жұмысқа дамудың стратегиялық бағыты ретінде мән береді.

"Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, "Заң мен Тәртіп" қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.

Мамыр айында Астанада өткен "Алтын Орда" дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.

Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде", – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мәдениет пен креативті индустриялар бүгінде экономикалық өсудің маңызды драйверлеріне айналып отыр. Қазақстанда бұл сала 40-тан астам қызмет түрін қамтып, шамамен 150 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары креативті сектордың жалпы қосылған құны 25%-ға өсіп, $3 млрд-қа жетті.

Еліміз кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы және цифрлық контент бағыттарында айтарлықтай ілгерілеу көрсетуде. Отандық фильмдер мен сериалдар, музыкалық және цифрлық өнімдер халықаралық нарықтарға шығып, Қазақстанның мәдени және экспорттық әлеуетін кеңейтуде.

Саланың дамуы халықаралық рейтингтерде де көрініс табуда. Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Жаһандық инновациялық индексінде өз көрсеткіштерін жақсартып келеді. 2025 жылы "Креативті нәтижелер" бағыты бойынша ел 32 орынға көтерілді.

"Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған", – деп атап өтті ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Қазақстан креативті сектордың инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, оны қолдауға бағытталған заңнамалық база қалыптастырды. Былтыр Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылып, ол авторлар мен шығармашылық командаларды, сондай-ақ экспорттық әлеуеті бар жобаларды қолдауға бағытталған.

Еліміздің барлық өңірінде жастардың бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін креативті хабтар жұмыс істейді. Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллекттің экономиканың барлық саласын дамытудағы негізгі факторға айналатынын атап өтті.

2026 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, қоғамның барлық саласын жаппай цифрландыру міндеті қойылған. Бұл бағытта AI технологиялары контент жасауды түбегейлі өзгертіп, шығармашылық индустрияларға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Қазақстандық Higgsfield компаниясы AI саласындағы әлемдік деңгейдегі жобалардың бірі ретінде аталып өтті. Сонымен қатар, мәдени мұраны цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоғары дәлдіктегі LiDAR және 3D технологиялары арқылы "Цифрлық көшірмелер банкі" іске қосылып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Маңғыстау жерасты мешіттері сияқты нысандар қамтылған.

Сондай-ақ E-Museum платформасына 300-ге жуық музей қосылып, ондаған мың экспонат цифрландырылды. "Қазақ киносының алтын қорын" жаңғырту жұмыстары да жалғасып, 43 фильм цифрлық форматқа көшірілді.

Цифрландыру мәдени мұраға қолжетімділікті кеңейтіп, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға және шығармашылық индустрияның жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу