Ұлыбритания Украинадағы энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге қосымша 20 миллион фунт стерлинг бөледі. Тиісті ақпарат Ұлыбритания үкіметінің ресми сайтына пайда болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "РБК-Украина" басылымына сілтеме жасап.
Британия билігінің ақпаратына сәйкес, Украина бойынша ауа температурасының төмендеуіне байланысты бүгінде жүздеген мың украиналық азамат жылу мен жарықсыз қалған.
Лондон жаңа көмектің миллиондаған отбасының жылу және электр энергиясына қатысты шұғыл қажеттіліктерін шешуге көмектеседі деген ұстанымда. Бөлінген қаражат қыс мезгілінде үйлерді, ауруханалар мен мектептерді электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін энергетикалық нысандарды жөндеуге, қалпына келтіруге жұмсалады.
Сонымен қатар Ұлыбритания екі елдің мектептері арасындағы әріптестік бағдарламаны кеңейтпек. Алдағы үш жыл ішінде бұл бастамаға тағы 300 мектеп қосылып, бағдарламаға екі елден шамамен 54 мың оқушы қатыса алатыны айтылған.
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармердің сөзінше, Украинамен арадағы 100 жылдық әріптестік ортақ құндылықтар мен ұзақ мерзімді қолдаудың айрықша белгісі болмақ. Жалпы алғанда, Лондон Киевпен екіжақты ынтымақтастықтың ауқымы кең екенін, ол қауіпсіздік, білім беру, инновация, сауда және мәдени алмасу сияқты салаларды қамтитынын жеткізді.