Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталды

359

14 жыл ел басқарып, экономиканы рецессияға ұшыратқан консерваторлар биыл билікпен қош айтысуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлыбританияда сайлауалды науқан басталды Фото: egemen.kz

Көктемгі бюджетті жария етпес бұрын Қаржы министрі әріптестерімен бірге Даунинг стриттегі кеңсесінің алдына шығып, дәстүрден жаңылмай қолына қызыл дипломат ұстап, фотоға түсті. Джереми Хант Консервативтік партияны алдағы сайлауда жеңілістен құтқару үшін салықты төмендетіндігі туралы уәде етті.

“6 сәуірден бастап, еңбек адамдары мен жеке кәсібі барлардың ұлттық сақтандыруға төлейтін салығы тағы екі пайыздық тармаққа азаяды. Яғни, жалданып жұмыс істейтін қызметкерлер жылына 450, ал жеке кәсіпкер 350 стерлинг фунтын үнемдей алады”, - дейді Ұлыбританияның Қаржы министрі Джереми Хант.

Ұлыбританияда салықтың екі түрі бар. Біріншісі – табыс, екіншісі – ұлттық сақтандыру салығы. Жиналған ақша мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға жұмсалады. Салық көлемі кемігенімен, ол бәрібір рекордтық жоғары деңгейде тұр, дейді оппозициядағылар. Лейбористер партиясы салықты Торилердің өздері көтергенін айтып, налып отыр.

“Ұлыбритания экономикасы рецессияға кірді. Халықтың төзімі таусылды. Билік қанша тырысса да, салық жүктемесі соңғы 70 жылда болмаған ең жоғары деңгейде тұр. Консерваторлар бір қолмен беріп, екінші қолмен бергенінен де көп алуға үйренген. Сайлауға дейін қандай әрекетке бармасын жағдай өзгермейді”, - дейді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.

Сауалнама нәтижелеріне сәйкес Консерваторлар Лейбористер партиясынан анағұрлым артта келеді. Рейтингілері соңғы 50 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен.

“Салық Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең жоғары деңгейде. Инфляция шарықтап тұрған уақытта салықты шамалы ғана төмендету шын мәнінде ештеңені өзгертпейді”, - дейді Лондон тұрғыны.

“Барлығы қымбаттап жатыр. Күнкөріс қиындап кетті. Өмір сүру мүмкін болмай барады. Меніңше, алысты ойлап, мәселелерді шешу керек. Қайта сайлану үшін бір-екі нәрсені ғана өзгерту дұрыс емес”, - деп үн қосты тағы бір азамат.

Хант сонымен қатар, вейптерге және Ұлыбританиядан басқа мемлекетте табыс табатын резидент емес жеке тұлғаларға жаңа салық түрін салмақшы. Лейбористер Жалпы сайлауды өткізу күнін 2 мамыр деп бекітіп, билікпен қош айтысуларын талап етіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу