Бұған дейін істегі басты күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның келіншегі Ақбаян Мұқанғалиеваға халықаралық іздеу жарияланған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Qazaq AIRAN" ютуб арнасының тілшілері Атырау облысындағы Жангелдин ауылына арнайы барып, күдіктінің әкесін әңгімеге тартты. Самиғолла Сәрсемәліұлының сөзінше, баласы қалада әртүрлі жұмыс істеген. Ұлының жуас, момын екенін айтып отыр.
– Сұлтан – менің төртінші, кенже балам. Алып бара жатқан тентектігі жоқ, жуас. Көп адаммен сөйлесе бермейді. Онымен соңғы рет 2025 жылдың қазан айында сөйлестім. Сол кезде келінді алып қалаға кетті. Келін ауыратындықтан, сол жақ емдетуге жақын. Келінге ота жасатып шыққанға 1 жыл болды. Жазылмағандықтан қалай болғанда да қарту керек қой. Емі бар ма, курсы бар ма алатын. Сол кезде келін 1-топ мүгедегі дегенді алды, – дейді ол.
Еске салсақ, Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасы із-түссіз жоғалып кеткен еді.
Артынша ерлі-зайыптылардың мәйіттері көмілген күйде өз қорасынан табылды. Олардың балалары әлі де іздестіріліп жатыр.
Бұған дейін Атыраудағы қылмысқа күдіктінің анасы "Мүмкін емес, балам ондайға бармайды" деп мәлімдеген болатын.