Сот 19 миллион теңгеге жасалған сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, зейнеткер мен оның отбасын үйден шығару туралы талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оқиға 2022 жылы басталған. Жасы ұлғайған, көруі мен естуі нашарлаған қарт әйел нотариуста ұлының алған қарызын қамтамасыз ету үшін кепілдік құжаттарына қол қойып жатырмын деп ойлаған. Алайда іс жүзінде баспана 19 миллион теңгеге сату-сатып алу шартымен басқа адамның атына рәсімделіп кеткен.
Зейнеткер 3,5 жыл бойы өз үйінде отбасымен бірге тұрып, коммуналдық төлемдерді өзі төлеп келген. Ол баспананың заң жүзінде бөтен біреудің меншігіне өтіп кеткенін мүлдем білмеген. Бұл жайт үйді "сатып алған" азамат кейуананы отбасымен бірге көшеге шығару туралы сотқа арызданғанда ғана білген. Осыдан кейін кейуана сотқа келісімшартты жарамсыз деп тану туралы қарсы талап арыз түсірді.
Істі қарау барысында сот сатып алу-сату шартының жалған сипатта болғанын анықтады. Белгілі болғандай, 19 миллион теңге кейуананың ұлына "сатып алушының" әкесі тарапынан қарыз ретінде берілген, ал үй соны қамтамасыз ету үшін ғана рәсімделген. Тіпті 2023-2024 жылдары бұл қарыздың 4 миллион теңгесі қайтарылған.
Сонымен қатар "сатып алушы" үш жарым жыл бойы үйге ешқашан талап қоймаған, ішіне кіріп те көрмеген.
Судья қарт әйелдің баспанасын сатуға ешқандай ниеті болмағанын, ал құжаттың тек қарызды қайтару кепілі ретінде жасалғанын ескеріп, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тапты.
Бұдан бөлек, сот мәмілені рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтарға жол берген жекеше нотариустың әрекетіне құқықтық баға беріп, анықталған кемшіліктерді жою үшін Әділет департаменті басшысының атына жеке ұйғарым шығарды.
Апелляциялық және кассациялық сатыдағы соттар бірінші сатыдағы соттың бұл шешімін өзгеріссіз қалдырды.