Ұлытау облысы Қазақстандағы ең жоғары жалақы төленетін өңірлердің қатарына енді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы деректеріне сәйкес, өңірдегі орташа айлық атаулы жалақы бірінші тоқсанда 655 995 теңгені құрады.
Бұл көрсеткіш еліміздің ең ірі қалалары – Астана мен Алматыдағы жалақы деңгейінен жоғары болып, республика бойынша орташа көрсеткіштен де асып түсті. Елдегі орташа айлық жалақы 461 486 теңгені құраған.
Жалақы деңгейі бойынша көш бастап тұрған көшбасшы өңірлер:
- Маңғыстау облысы – 659 801 теңге;
- Ұлытау облысы – 655 995 теңге;
- Атырау облысы – 652 950 теңге.
Астанадағы орташа айлық жалақы 609 725 теңге, Алматыда – 574 162 теңге, ал Шымкентте – 350 374 теңге болды.
Жалақы деңгейінің жоғарылығымен қатар, Ұлытау облысында халық табысының тұрақты өсуі де байқалады. Өңірдегі атаулы жалақы индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,5 пайызға жетті. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (109,1 пайыз) сәл жоғары.
Инфляцияны ескергендегі нақты жалақы деңгейі 96,6 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш Атырау облысындағы (91,8 пайыз) және Маңғыстау облысындағы (94,9 пайыз) деңгейден жоғары әрі еліміздің ірі қалаларының көрсеткіштерімен шамалас: Астанада – 98,1 пайыз, Алматыда – 99,5 пайыз.
Сарапшылар өңірдегі жоғары жалақы деңгейін тау-кен және металлургия кешенінің дамуымен байланыстырады. Бұл ретте өңірдегі ең ірі жұмыс беруші болып саналатын "Қазақмыс" компаниясының қызметі маңызды рөл атқарады.