Ұлытау облысында "Қауіпсіз үй" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 968 тұрмысы қолайсыз отбасы профилактикалық бақылауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың арасында балалар өгей әкесімен немесе анасының бірге тұратын серіктесімен тұратын 93 отбасы ерекше назарға алынған.
Тұрғындар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 157 кездесу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына 10 325 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 48 құқық бұзушылық анықталған.
Бұдан бөлек, ТОП-10 санатына кіретін 206 проблемалық мекенжайдың барлығы тексеріліп, анықталған 15 кемшілік жойылды.
Тұрғындар QR-кодтар мен жергілікті қоғамдастық чаттары арқылы 256 ұсыныс жолдаған.
Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шара барысында облыс аумағындағы 11 639 тұрғын үй нысаны тексерілді.