Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы саласы қалай дамып жатқаны белгілі болды

131

Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы саласына ерекше ден қойып отыр. 

Ұлытау облысында ауыл шаруашылығы саласы қалай дамып жатқаны белгілі болды Фото: Ақорда

Ұлытау облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында түрлі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы саласына ерекше ден қойып отыр. Бұл бағытта іске асып жатқан жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруды, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды мақсат етеді.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, былтыр республикалық бюджет есебінен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бойынша бөлінген 3 миллиард теңге алты инвестициялық жобаға жұмсалған. Оған сәйкес, 2025 жылдың аяғына дейін төрт теңдессіз жоба пайдалануға берілмек. Мәселен, "Мирас" шаруа қожалығы суармалы технологияларды пайдалану арқылы мал азығын егуді көздеген жобаны қолға алды. "Исмаил А.Б." шаруа қожалығы мал азығы мен көкөніс дақылдарын егуді жоспарлауда. Бұдан бөлек жергілікті шаруалар қой шаруашылығын дамытуды да көздеп отыр. Мәселен, шаруа қожалығының бірі 5 мың бас қой шаруашылығын ілгерілетіп, ал екіншісі он мыңнан астам бас қой фермасын ашқысы келеді. 
Келесі жылы жергілікті атқарушы орган тағы бес ірі инвестициялық жобаны қолға алмақ. 

Жалпы мемлекет ауыл-аймақтағы өмірге серпін беру үшін бағдарламаларды қолға алып жатыр. Ұлытау облысында "Ауыл Аманаты" бағдарламасы арқылы 2023 жылы 420 тұрғынға шағын несие алып, өз кәсібін дөңгелеткен. Бұл – ауылда жұмыс таба алмай жүрген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Биыл бұл жоба аясында өңірге 700 миллион теңге бөлінген. Осылайша бағдарлама ауқымы кеңейіп, көбірек адамға көмек көрсетіледі деген сөз.

"Агроөнеркәсіптік кешен саласында  жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын жеті инвестициялық жоба қолға алынды, соның ішінде көкөніс сақтайтын қойма құрылысы да бар. Әрбір жоба азық-түлік нарығына оң өзгерістер әкеледі. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – өңірдің тұрақты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ұлытау ауданында тамшылатып суару жүйелері енгізілуде. Бұл бағыттағы басты міндет – егіншілікке жарамды ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға мүмкіндігінше көп енгізу", – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы АӨК, субсидиялау, экономикалық талдау және инвестициялар бөлімінің басшысы Нұрғиса Мырзабек.

Оның айтуынша, маңызды бастамалар ретінде өңірде ірі және ұсақ мал өсіретін отбасылық фермалар ашу жөніндегі бағдарламаны айтуға болады. Бірегей жоба Ұлытаудың ет пен сүтке деген сұранысын толық өтеуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама биылдан бастап іске асырылып келеді. 

Нұрғиса Мырзабек саладағы түйткілді мәселелер қалай шешіліп жатқанын да тілге тиек етті.

"Жаз айларында шегірткеге қарсы күрес – өңіріміз үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Биылғы маусымда облыс аумағында шегіртке тектес зиянкестердің таралуының алдын алу және жою мақсатында тиісті шаралар уақытылы қабылданды. Зиянкестердің ошақтарын анықтау үшін мониторинг жүргізіліп, өңіріміздің 27 510 гектар аумағында шегірткелердің шоғырланған аумақтары анықталып, жедел түрде химиялық өңдеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, саяқ шегірткеге қарсы 17 220 гектарда, ал үйірлі шегіртке – итальяндық прустқа 10 290 гектар аумақта жасалынды", – деп атап өтті АӨК, субсидиялау, экономикалық талдау және инвестициялар бөлімінің басшысы.

Бұл бастамалар маусым сайын өзгеріп тұратын баға мен өнімнің босқа ысырап болуын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің сапасын жақсартып, қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Ұзақ уақыт ішінде бұл жобалар өңірде азық-түліктің жеткілікті болуына, сырттан әкелуге тәуелділіктің азаюына және халықтың өмір сапасының жақсаруына әсер етеді.

Агроөнеркәсіп саласына жаңа технологиялар енгізіліп, 100-ден астам адамға жұмыс орны ашылады. Бұл жергілікті экономиканың дамуына және болашақта өнімдерді шетелге шығару мүмкіндігінің артуына жағдай жасайды.

10 000 тонна өнім сақтай алатын көкөніс қоймасы салынуда. Бұл қойма күзде, қыста және көктемде халықты көкөніспен тұрақты түрде қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ, ол өнімнің бұзылып кетпеуін, ысыраптың азаюын және бағаның тұрақты болуын қамтамасыз етеді.

Осылайша, Ұлытау облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр. Жүзеге асырылып жатқан жобалар тек ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл өмірінің сапасын арттыруға ықпал етуде. Жаңашыл тәсілдер мен инвестициялық қолдаулардың нәтижесінде облыстың аграрлық әлеуеті артып, болашақта экспорттық бағыттағы өнім көлемін көбейтуге нақты мүмкіндік қалыптасып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу