Отырыс Алматы қаласында өтіп, оған өткен жылдың тамыз айында осы лауазымға сайланған Директорлар кеңесінің төрағасы Үміт Шаяхметова төрағалық етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарт желісі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінен бизнес өкілдерін біріктіреді. Желінің негізгі мақсаты — жауапты бизнес жүргізу қағидаттарын ілгерілету және орнықты даму мақсаттарын іске асыруға арналған өңірлік платформа ретінде қызмет ету.
Отырыс барысында желінің соңғы үш жылдағы қызметінің нәтижелері таныстырылды. Атап айтқанда, 2023–2025 жылдар аралығында БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарт желісіне қатысушы ұйымдардың саны 36-дан 146-ға дейін артты. Күн тәртібіндегі басты мәселе 2026–2030 жылдарға арналған желі жұмысының стратегиясын талқылау болды.
Ұсынылған стратегия компаниялар, сарапшылар қауымдастығы және халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың әріптестік форматтарын дамытуды, бірлескен бастамаларды іске асыруды, орнықты дамудың үздік тәжірибелерін ілгерілетуді, сондай-ақ өңірдегі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін орнықты бизнес-шешімдерді қалыптастыруда талдамалық және зерттеу құралдарын пайдалануды көздейді.

"Біздің миссиямыздың өзегінде — орнықты даму қағидаттарын ұстанатын мықты өңір қалыптастыру мақсатында Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру тұр. БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібі аясында Орталық Азия мемлекеттері мен үкіметтерінің ең жоғары деңгейінде қолдау тауып отырған өңірлік ықпалдастықтың күшейіп келе жатқанын айқын көріп отырмыз. БҰҰ-ның Жаһандық шарты желісінің қызметі бүкіл өңірдің дамуына жүйелі әрі ұзақ мерзімді әсер етеді деп сенемін. Табыстың негізгі шарты — бизнесті, жеке секторды және қоғамдастықтарды бірыңғай ESG және SDG күн тәртібіне, оны корпоративтік басқару мен адами капиталды басқару тәжірибесіне интеграциялау арқылы белсенді тарту", — деп атап өтті Үміт Шаяхметова.
Өз кезегінде БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарт желісінің атқарушы директоры Динара Сейджапарова:
"Қазіргі жаһандық сын-қатерлер — климаттың өзгеруі, гендерлік теңсіздік және геосаяси белгісіздік — өзара тығыз байланысты. Осындай жағдайда БҰҰ-ның Жаһандық шарты Біріккен Ұлттар Ұйымы мен жеке сектор арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ететін бірегей халықаралық платформа болып қала береді. Біздің міндетіміз — Орталық Азия бизнесін біріктіру және өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз ете отырып, халықаралық стандарттарды енгізуге жәрдемдесу", — деп атап өтті.
Қорытындылай келе, отырысқа қатысушылар талқыланған күн тәртібінің өзектілігін атап өтіп, алдағы жылдарға арналған Директорлар кеңесі мен желі қызметінің басым бағыттары бойынша келісімге келді.
БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарт желісі Директорлар кеңесінің келесі отырысы 2026 жылдың қазан айында Ташкент қаласында өтеді.