Үндістанда әдемі кадр үшін қызғылт түске боялған піл өлді

102

Жануар иесі фотосессия мен пілдің өлімі арасында байланыс бар екенін жоққа шығарды. 

Үндістанда әдемі кадр үшін қызғылт түске боялған піл өлді Фото: Риа Новости

Үндістанда ресейлік фотограф Юлия Бурулёваның басы дауға қалды. Ол былтыр пілді қызғылт түске бояп, фотосессия жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Риа Новости" агенттігіне сілтеме жасап. 

Оқиға Джайпур қаласында болған. Жергілікті архитектурада қолданылған тастың түсіне байланысты шаһарға "қызғылт қала" деген атау берілген. Ресейлік фотограф түсірген кадрда қызғылт түске боялған піл мен дәл сондай түсте киінген модель бейнеленген.

Ресейлік басылымның жазуынша, фотограф жергілікті модельмен бірге пілді бояған. Түсірілім барысында Холи фестивалі кезінде қолданылатын "гулал" ұнтағы пайдаланылғаны белгілі болды. Бояу пілдің бір жағына ғана жағылып, бірден өшірілген. Бірақ жергілікті тұрғындар наразылық білдіріп, әлеуметтік желідегі әдемі сурет үшін жануарларды қинауға болмайтынын алға тартқан. Суреттер желіде жылдам таралып үлгерді. Бұл ретте фотограф өз жұмыстарында цифрлық өңдеуді қолданбайтынын айтып ақталған. 

Ал The Times of India газетінің жазуынша, бұл суреттерді ресейлік фотограф Юлия Бурулёва  2025 жылдың қараша айында түсірген. Кейін оны сол жылдың желтоқсан айында жариялаған. Десе де, биылғы наурыз айында бұл суреттер әлеуметтік желілерге қайта таралған. 

Жергілікті БАҚ Чанчал атты пілдің өткен айда өлгенін жазды. Оның иесі мен ресми тұлғалар фотосессия мен жануар өлімі арасында байланыс бар екенін жоққа шығарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу