Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында кооперативтер қатары көбеймек. Саусақ бірікпей ине ілікпейтінін жақсы түсінген ауылдағы шаруа қожалықтары біріге бастады, деп хабарлайды 24.kz.
Бүгінге дейін 13 бірлестік құрылған. Оның 12-сі ет, ал 1-еуі сүт бағытында жұмыс істейді. Ауданда осы мәселені жан-жақты түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Мамандар 27 ауылдық округте халықпен кездесіп, кооперацияға бірігудің тиімді тұстары мен мемлекеттен жасалатын жеңілдіктен хабар берді. Жоспар бойынша, биыл тағы 20-дан астам ауыл шаруашылығы бірлестігі құрылмақ.
"25 адам, 3 шаруа қожалығы 219 сиырмен бірігіп кірген. Қазір сол сүттерін өткізіп, қысы-жазы ақшаларын алып жатыр. Биыл тағы бір ауыл кіргелі отыр бізге, 60 үйдей, сиырдың саны – 180 бас. 3-5 бас сиырымен ешқандай субсидияға қол жеткізе алмайды кісілер. Кооперативтің арқасында барлығы толық ала алады. Жем-шөбін жабады", – дейді кооператив төрағасы Талғат Ақпеков.