3 қаладағы жаңа ЖЭО-лар қашан пайдалануға беріледі?

251

Стансаларды іске қосу 2029 жылға жоспарланған. 

3 қаладағы жаңа ЖЭО-лар қашан пайдалануға беріледі? Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда көмір генерациясының жаңа қуат көздері салынады. "Самұрық-Энерго" 4 ірі жобаны жүзеге асырады. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, Екібастұз МАЭС-2-де әрқайсысының қуаты 550 МВт болатын №3 және №4 энергия блоктарын салу жобасы жүзеге асырылуда. Олар тиісінше 2028 және 2030 жылдары іске қосылады. Қазіргі уақытта қазақстандық консорциуммен EPC-келісімшарт жасалды, 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталды.

Үкіметтің хабарлауынша, Көкшетауда қуаты сағатына 820 Гкал болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы жүріп жатыр. Нысанда коммуникациялар тартылған, инфрақұрылым дайындалуда және бетон торабының құрылысы жалғасуда. Жабдықтарды жеткізу 2027 жылы басталып, станса 2029 жылдың I тоқсанында іске қосылмақ.

Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО құрылысының жобалары жүзеге асырылуда. Қазақстан-Сингапур консорциумымен EPC-келісімшарттар жасалды. Стансаларды іске қосу 2029 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.

Бұл ретте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жобалардың құнын атады.

"Жалпы құнына келсек, бұл ашық ақпарат. Көкшетау электр станциясының бағасы 350 млрд теңге көлемінде, Семей мен Өскеменнің бағасы 400 млрд теңге көлемінде, өйткені олардың қуаттылығы жоғарылау. Тиісті жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін нақты бағасы қарастырылады. Ресей тарапына келсек, үкіметаралық келісім болды. Ол туралы ақпарат бердік. Тиісті ұсыныс болды, үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бірақ біздің әріптестеріміз тиісті жеңілдетілген несиені берген жоқ", – деді вице-министр.

Айта кету керек, бұған дейін 3 қаладағы ЖЭО-лар Ресейдің қатысуынсыз салынатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу