Үш өңірде жел және күн электр станциялары салынады

282

Қазақстан климаттық және энергетикалық міндеттемелер қабылдаған.

Үш өңірде жел және күн электр станциялары салынады Фото: canva

Мәжілісте "Қазақстан мен ҚХР Үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазіргі таңда Қазақстанның энергетикалық жүйесі күрделі кезеңнен өтуде. Электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді, ал ең жоғары жүктеме сағаттарында жекелеген өңірлерде қуат тапшылығы байқалады. Генерация құрылымында көмірге тәуелділіктің жоғары болуы экологиялық жүктемені арттырып қана қоймай, энергожүйенің маневрлік және теңгерімдік мүмкіндіктерін шектейді. Осы жағдайда жаңартылатын энергия көздерін дамыту – таңдау емес, объективті қажеттілік", – деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Қазақстан халықаралық деңгейде және ұлттық құжаттар шеңберінде климаттық және энергетикалық міндеттемелер қабылдаған. Соның ішінде, 2030 жылға қарай энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға жеткізу көзделген. 

"Осы міндеттемелерді іске асыру мақсатында 2024 жылғы 12 қарашада COP-29 халықаралық климаттық саммиті аясында Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы Келісімге қол қойылды", – деді ол.

Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1800 МВт болатын ірі жобалар пакеті іске асырылады. Павлодар облысында қуаты 1000 МВт жел электр станциясы салынады. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі жел энергетикасы жобаларының бірі. Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясы іске асырылады, ал Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясы салынады.

"Барлық жобалар заманауи энергияны жинақтау жүйелерімен біріктіріледі. Мысалы Павлодар облысында 300 МВт/ сыйымдылығы 600 МВт·сағат, Қарағанды облысында 150 МВт/ сыйымдылығы 300 МВт·сағат, Түркістан облысында 90 МВт/ сыйымдылығы 360 МВт·сағат қуатындағы жинақтау жүйелері көзделген. Келісім аясындағы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылып, шамамен 1500 уақытша және 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағаттан астам "жасыл" электр энергиясы өндіріледі, ал көмірқышқыл газының шығарындылары едәуір қысқарады", – деді депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу