"Үшқоңыр үстіртіне барар жолды мұздай қаруланған топ күзетеді": Депутат халықтың жан айқайын жеткізді

865

Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малын жая алмай жүр.

"Үшқоңыр үстіртіне барар жолды мұздай қаруланған топ күзетеді": Депутат халықтың жан айқайын жеткізді Фото: kazbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысында ауыл шаруашылығы үшін қайтарылған жерлерді пайдалануға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруаланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Біріншіден, Үшқоңыр Іле Алатау  паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау "ДүниеАгро" компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан Резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Ал, жан баласын жуытпай,  тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық", - деді депутат.

Халық қалаулысы Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне малын жая алмай, пұшайман күйде отырғанын жеткізді.

"Жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы "Жер аманаты" комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, "аманаттық" ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр. Анығы, "ДүниеАгро" ЖШС-не 2004 жылы "Үшқоңыр" үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген.  Өйткені, заң талаптары бойынша,  (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі", - деп жалғастырды халық қалаулысы.

Оның айтуынша, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. 

"Бұдан басқа "Үшқоңыр" үстіртінде "Steppe AgroMeat",  "Breeding Company" сияқты  екі-үш компания 13 597 га жерді  әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды.  Шұғыл қайтару керек! Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес", - деп атап өтті мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу