Ұстаздар мерекесі қарсаңында пәтер мен көлік кілті, ақшалай гранттар тапсырылды

895

549 жас ұстазға жалпы сомасы 27 млн теңгеден асатын бірреттік төлем берілді.  

Ұстаздар мерекесі қарсаңында пәтер мен көлік кілті, ақшалай  гранттар тапсырылды

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис педагогтарын құттықтады және "Жыл мұғалімі" байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар тапсырды.
Сонымен қатар "Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты" қалалық байқауының, "Үздік педагог" республикалық байқауы қалалық турының жеңімпаздары марапатталды.

"Алматының жыл мұғалімі" және "Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты" қалалық байқаулары Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасы бойынша өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған еді, оның мақсаты – мұғалім мамандығының беделін арттыру, озық педагогикалық тәжірибені кеңінен тарату", - деп хабарлады әкімдік.

"Жыл мұғалімі" қалалық байқауының бас жүлдегері №133 мектептің оқытушысы Мақпал Шүкееваға 2 бөлмелі пәтердің кілті, ал 1 орынды жеңіп алған №140 мектеп-гимназияның оқытушысы Дәурен Сағынғалиевке көлік кілті тапсырылды. Өзге жеңімпаздарға ақшалай жүлделер мен гранттар берілді. Бірқатар мұғалімдер Білім және ғылым министрлігінің ведомствалық марапатына ие болды.

Қаланың педагогикалық қауымдастығын құттықтаған Алматы әкімі ұстаздардың ең мәртебелі миссия – өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беретіндерін атап өтті.

"Мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, өйткені болашақта елімізде қандай ұрпақтың өмір сүріп, еңбек ететіні ұстаздарға тікелей байланысты. Сондықтан, тек мұғалім ғана білім берудегі басты кейіпкер болып табылады", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Шаhар басшысы білім жүйесін дамыту шаралары, білім берудің жаңа мекемелерін салу, жас мамандарға қолдау көрсету туралы да сөз қозғады. Мысалы, ағымдағы жылы қала мектептерінде өздерінің еңбек жолдарын бастаған жас мұғалімдерге материалдық көмек ретінде бірреттік төлем беру практикасы жалғасатын болады. Қазан айында 549 жас ұстаз жалпы сомасы 27 млн теңгеден асатын төлем алды.

Айта кетерлігі, қала мұғалімдерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылады. Бүгінгі күні жеңілдетілген несие беретін "Алматы жастары 3.0" қалалық бағдарлама аясында 187 жас мұғалім баспаналы болды.

Алматының білім жүйесінде 32 мыңнан астам педагог бар, олардың 500-ден астамы ағымдағы жылы өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастаған жас мамандар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу