Оның сөзінше, қазіргі уақытта Вашингтон мен Тегеран арасында ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ және жаңа кездесулер де жоспарланбаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді Ақ үй әскери операцияны кеңейтуден гөрі Иранға экономикалық қысымды күшейтуге басымдық бермек. АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Вашингтонның Иранға қарсы теңіздік блокаданы қажет болған жағдайда ұзақ уақыт бойы ұстап тұруға мүмкіндігі бар екенін байқатса, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Тегеранға қарсы қосымша экономикалық қысым мен жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін екенін айтқан.
Сарапшылар мұндай тәсілді "Анаконда әдісімен" салыстырады. Яғни, бұл – қарсыласты бірден әскери соққымен талқандаудан бұрын, оның экономикасын, сыртқы саудасын және қаржы жүйесін жан-жақтан қыспаққа алу. Аталған стратегияның ең қауіпті тұсы – Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай. АҚШ бұғаздағы теңіз жолының ашық әрі қауіпсіз екенін мәлімдесе де, Иран өз талабы орындалмайынша, Ормуз толық ашылмайтынын айтып отыр.
Осылайша, екі тарап та бір-бірін экономикалық және стратегиялық қысым арқылы берілуге мәжбүрлемек. АҚШ әскери соққыдан гөрі санкциялар мен блокаданың көмегімен Иран экономикасын әлсіретуді көздесе, Тегеран Ормуз бұғазын өзінің басты геосаяси тұтқасына айналдырып отыр.
Қалай десек те, дипломатиялық келіссөздердің тоқтауы АҚШ пен Иран арасындағы текетірестің жаңа кезеңге өткенін көрсетсе керек-ті.