Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстың құрметіне орай концерт өтті

108

Шара Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі мен "Самұрық-Қазына" АҚ қолдауымен Смитсон институты жанындағы Қазақстанның мәдени мұрасы қоры жобасы аясында ұйымдастырылды.

Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыстың құрметіне орай концерт өтті Фото: gov.kz

Смитсон институтының Азия өнері ұлттық мұражайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына, сондай-ақ АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай қазақстандық "HasSak" этно-фольклорлық ансамблінің концерті өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Концертке АҚШ Әкімшілігінің, дипломатиялық корпустың, Вашингтонның сарапшылық және мәдени қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты. Қазақстандық музыканттардың өнерін америкалық көрермендер жылы қабылдап, ұзақ қошемет көрсетті.

Концерт бағдарламасында дәстүрлі қазақ туындылары мен олардың заманауи интерпретациялары ұсынылды. Музыканттар домбыра, жетіген, сыбызғы және қылқобыз сынды ұлттық аспаптардың сан қырлы үнін паш етіп, америкалық аудиторияны Ұлы дала музыкалық дәстүрлерімен таныстырды.

"HasSak" ансамблінің өнер көрсетуі Смитсон институтының Ұлттық дәстүр және мәдени мұра орталығы қазақстандық "Music Unbound" коммерциялық емес ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан "Heritage in Motion" бағдарламасы аясында өтті.

Жоба Қазақстан мен АҚШ-тың мәдениет қайраткерлері мен материалдық емес мәдени мұра өкілдерін біріктіріп,

2027 жылғы "Smithsonian Folklife Festival" қарсаңында Алматы мен Тусонда бірлескен жұмысты көздейді.

Аталған іс-шара екі елдің мерейтойлық даталарына орайластырылған, қазақстандық мәдениетті ілгерілетуге және екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге бағытталған Қазақстанның АҚШ-тағы мәдени бастамаларының жалғасы болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу