АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні Венесуэланың "әуе кеңістігі толығымен жабық" деп жариялады. Осылайша, Вашингтон президент Николас Мадуро үкіметіне қысымды күшейтуді жалғастырып жатыр.
Трамп Кариб теңізі мен Тынық мұхитта есірткі тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылдар осынау оңтүстікамерикалық елде жаяу әскер операциясына ұласуы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті. Дегенмен Құрама Штаттар лидері Мадуромен телефон арқылы сөйлесіп, Венесуэла президентінің АҚШ-қа сапары мәселесін талқылағанын жасырмай отыр.
ВЕНЕСУЭЛАНЫҢ ӘСКЕРИ МҮМКІНДІКТЕРІ ҚАНДАЙ?
Венесуэланың әскери мүмкіндіктерімен таныс алты дереккөздің айтуынша, АҚШ қарулы күштері дайындықтың жетіспеушілігінен, жалақының төмендігінен және жабдықтардың тозуынан әлсіреген Венесуэла армиясынан әлдеқайда қуаттырақ.
2013 жылдан бері билікте отырған Мадуро офицерлерді мемлекеттік лауазымдарға тағайындау арқылы әскерилердің сеніміне кіргенімен, қатардағы сарбаздар жергілікті валютамен айына небәрі 100 доллар табады. Зерттеулерге сәйкес, бұл сома орташа отбасының негізгі қажеттіліктерінің бестен бір бөлігін ғана қанағаттандыра алады.
Дереккөздердің айтуынша, көптеген бөлімшелерде қазірдің өзінде көбейіп кеткен әскерден қашу оқиғалары АҚШ шабуыл жасаған жағдайда тіпті көбеюі мүмкін.
Соңғы жылдары Венесуэла жауынгерлерінің тәжірибесі көшедегі наразылық акциялары кезінде қарусыз бейбіт тұрғындармен қақтығысумен ғана шектелді.
Мадуро бір сөзінде 8 миллион бейбіт тұрғынның жаттығып жатқанын айтты. Бірақ дереккөздердің сөзінше, қорғаныс операцияларына тек мыңдаған барлау қызметкері, билеуші партияның қарулы отрядтары және басшылық құрған жасақтар ғана қатысады.
Көпшілігі Ресейде ондаған жылдар бұрын жасалған әскери техника болса жеткіліксіз. Каракас 2000 жылдары 20-ға жуық "Сухой" жойғыш ұшағын сатып алды. Бірақ олар АҚШ-тың B-2 ұшақтарымен салыстырғанда осал саналады. Ал Венесуэланың Ресейде шығарылған тікұшақтары, танкілері, иыққа тіреп ататын зымырандары әбден ескірген.
ВЕНЕСУЭЛА ШАБУЫЛҒА ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕ АЛАДЫ?
"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Венесуэла АҚШ әуе немесе құрлықтық операция бастаған жағдайда партизандық қарсылық көрсетуді немесе хаос тудыруды жоспарлап отыр.
Жоспар бойынша, 280-нен астам нүктеге шағын әскери бөлімшелер орналастырылып, олар саботажға және басқа да партизандық тактикаларға жүгінуі керек.
Мадуро жақында мемлекеттік теледидардан айтқандай, ресейлік 5000 Igla зымыраны соғыс позицияларына орналастырылды. Бір дереккөздің айтуынша, әскери бөлімшелерге шабуыл жасалған жағдайда әртүрлі жерлерде жасырынуға бұйрық берілген.
Екінші стратегияға "анархизация" деп аталады. Оған сәйкес, биліктегі партияның жақтастары мен барлаушылар ел астанасы Каракаста тәртіпсіздіктер бастауға және Венесуэланы басқарылмайтын елге айналдыруға пайдаланылуы керек.
ВЕНЕСУЭЛАДА БАСҚА ҚАРУЛЫ ТОПТАР БАР МА?
Колумбияның Ұлт-азаттық армиясы сияқты партизандық күштері Венесуэланың батысында жұмыс істейді. Бұл жер – кокаиннің негізгі ингредиенті – кока шаруашылығының орталығы саналады.
Билеуші партияның "колективос" немесе ұжымдар деп аталатын жақтаушылары наразылық білдірушілерге қарсы тұру үшін мотоцикл колонналарын да жиі жұмылдырылады. Және де басшылықтың жақтастары кейде қарумен жүреді.
Венесуэланың оппозициялық топтары, үкіметтік емес ұйымдары, Вашингтон және кейбір Латын Америкасы үкіметтері Мадуро мен Венесуэла әскерін есірткі саудагерлерімен байланыста деп айыптап келеді.
Қарсы жақ болса, мұндай кінәні үнемі жоққа шығарып, АҚШ Венесуэланың мол мұнай қорын бақылауға алу үшін режимді өзгертуді көздеп отыр деп есептейді.