Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамзаға қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Вьетнамда қазіргі таңда процесс әлі бітпеді, ісі қарастырылып жатыр. Ең алдымен сот шешімі шығуы керек. Кез келген азаматымызды екіжақты құжат бойынша қайтара аламыз", – деді Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында.
Сыртқы істер министрінің орынбасарының сөзінше, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданатыны белгілі болды.
"Ол Интерпол арқылы өтті. Бұл екі мемлекеттің іздеу, тергеу жұмыстары болған. Қайсар Қамза ұсталынды. Оның өзінің процедурасы бар. Сол арқылы елге келеді", – деді спикер.
Тілшілер блогер қанша жылға сотталуы мүмкін екенін нақтылады.
"Білмеймін. Сыртқы істер министрлігі бұған жауап бермейді. Бұл сұрақты соттайтын, тергейтін құзыретті мемлекеттік органдарға қою керек", – деді ведомство өкілі.
Айта кету керек, бұған дейін блогер Қайсар Қамза ұсталғанын жазғанбыз. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде болған еді.