Ерлан Қарин 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдауды ұсынды

368

Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ерлан Қарин 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдауды ұсынды Фото: akorda.kz

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 255 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.

Сондай-ақ комиссия 43 адамның азаматтықтан бас тарту туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.

Вице-Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шығуға ниет білдірушілер санының азаю үрдісі сақталып отыр.

Атап айтқанда, кейінгі 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны шамамен 40 есеге жуық азайған. Бұл өз кезегінде еліміздегі әлеуметтік оптимизм деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, төлқұжатымыздың беделі жылдан жылға нығайып келеді. Бұл Қазақстанның тартымдылығының арта түскенін білдіреді. Түрлі индекстердің деректеріне сәйкес, Қазақстан төлқұжаты өңірде ең таңдаулы саналады. Азаматтарымыз әлемнің 80-ге жуық еліне визасыз қатынай алады", – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар Қазақстан азаматтығы шетелдің ІТ, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, инвесторлар, ғылымдар мен мәдениет қайраткерлері үшін тартымды бола түсуде.

"Еліміздің азаматтығы Президенттің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салаларда жүзеге асырған реформаларының нәтижесінде осындай беделге ие болды. Сондай-ақ бұл Мемлекет басшысы жүргізіп отырған халықаралық ынтымақтастық саясатының жемісі екені анық", – деді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу