Владимир Зеленский аумақтық мәселеде шешуші сөз кімде болатынын айтты

399

Референдумның қашан өтуі мүмкін екені белгісіз. 

Владимир Зеленский аумақтық мәселеде шешуші сөз кімде болатынын айтты Фото: gazeta.uz

Украина президенті Владимир Зеленский аумақтық мәселені украин халқы сайлау немесе референдум арқылы ғана шеше алатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Осыған дейін Зеленский Ресей бақылауына өткен кейбір аумақтардан бас тарту мәселесін қақтығысты реттеу жолындағы ең күрделі сұрақтардың бірі деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл тармақ бойынша қандай да бір ымыраға келетін шешімдер жоқ.

Украина басшысы 11 желтоқсан күні журналистермен кездесу барысында АҚШ-тың Донбасста еркін экономикалық немесе демилитаризацияланған аймақ құруды ұсынғанын жеткізді. Бұған сәйкес, бұл аймақтан украин әскері шығарылуы тиіс. Зеленский қазіргі уақытта осы мәселеге қатысты келіссөздер жалғасып жатқанын атап өтті.

Ол аумақтарға қатысты соңғы шешімнің ел халқының ұстанымына негізделуі тиіс екенін баса айтты.

"Меніңше, бұл сұраққа Украина халқы жауап беруі керек. Сайлау немесе референдум түрінде ме, қалай болғанда да халықтың позициясы қажет. Америкалықтар ыңғайлы форматты пысықтап жатыр", – деді Владимир Зеленский.

Референдумның қашан және қандай форматта өтуі мүмкін екені нақтыланбады. Бұған дейін Зеленский Киевтің серіктестері сайлаудың қауіпсіз өткізілуін қамтамасыз еткен жағдайда, Украинада сайлау 60-90 күн ішінде өтуі мүмкін екенін де айтқан.

Украина президенті Запорожье АЭС-інің мәртебесі даулы мәселе болып тұрғанын, ал бейбіт келісімнің соңғы нұсқасы бойынша украин әскерінің қазіргі саны шамамен 800 мың әскери қызметкер деңгейінде қалатынын айтып қалды. Бейбіт келісім аясында Украина мен АҚШ қауіпсіздік кепілдіктері туралы бірқатар келісімдерге қол қоймақ.

Айта кету керек, бұған дейін Зеленскийдің соғыс жағдайында сайлау өткізуге дайын екенін айтқанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу