25-27 қыркүйек күндері Түркістандағы "Керуен сарай" туристік кешенінде "Voice of Turan – 2026" халықаралық қазақ әндері фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл жетінші рет өтетін өнер додасына әлемнің 20-дан астам елінен орындаушылар қатысады. Олардың қатарында Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Бразилия және басқа елдердің өнерпаздары бар.
Фестивальдің басты мақсаты – қазақ музыкасын шетелде кеңінен таныту, Ұлы далада қалыптасқан ән өнерін халықаралық мәдени ортаға шығару және Түркістанның түркі әлеміндегі рухани-мәдени маңызын арттыру.
Жобаның бас продюсері Мейіржан Алиакбаров фестивальдің дәстүрлі вокалдық байқаулардан өзгеше екенін атап өтті.
"Бұл – кәсіби вокалдық байқау емес, қазақ әндерін орындаушылардың додасы. Қатысушылар негізінен халық әндері мен Қазақстан композиторларының шығармаларын орындайды. Мұнда басты талап – дауыс мүмкіндігін көрсету емес, қазақ әнін жүрекпен сезініп, оны көрерменге шынайы жеткізе білу", – деді ол.
Фестивальдің алғашқы күні, 25 қыркүйекте "Zhibek zholy әуендері" гала-концерті өтеді. Кеш барысында Қырғызстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Тыва, Қарақалпақстан, Өзбекстан және Қазақстаннан келген танымал өнерпаздар өнер көрсетеді.
26 қыркүйекте фестивальдің ресми ашылу салтанаты өтіп, "Жұлдызды жұп" кезеңі ұйымдастырылады. Бұл кезеңде шетелдік қатысушылар қазақстандық өнер майталмандарымен бірге қазақ әндері мен заманауи шығармаларды орындайды.
Ал 27 қыркүйекте фестивальдің негізгі "Қазақ әні" байқауы өтеді. Қатысушылар халық әндері мен қазақ композиторларының туындыларын кәсіби қазылар алқасы мен көрермен назарына ұсынады.
Фестиваль аясында концерттерден бөлек қолөнершілер ауылы, түркітілдес елдер дизайнерлерінің шеруі және басқа да мәдени шаралар өтеді.