"Яндекс" компаниясының бес заңды тұлғасына қатысты қараша айының соңына дейін жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев депутаттардың сауалына берген жауабында айтты , деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дербес деректерді өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құзыреті шегінде дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде заңнама талаптарының сақталуын бақылауды қоса алғанда, оларды қорғау жүйесін жетілдіру жөніндегі шараларды іске асырады. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 692-2-бабының бірінші бөлігіне сәйкес министрлік ҚР ӘҚБтК 79, 640 және 641-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайды. ӘҚБтК-нің 802-бабының екінші бөлігіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын, ӘҚБтК 741-бабында көзделген мән-жайлар болмаған кезде, әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің болуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіз болады", – делінген жауапта.
Министрдің сөзінше, Кәсіпкерлік Кодекстің144-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бақылау және қадағалау субъектілерін жоспардан тыс тексеруге жеке және заңды тұлғалардың дәлелді негіздер мен растайтын дәлелдемелер болған кезде заңнама талаптарын бұзу жөніндегі өтініштері негіз болады.
"Осыған байланысты, "Яндекс" компаниясының бес заңды тұлғасына қатысты ("Яндекс Казахстан" ЖШС, "Yandex Bastau" ЖШС, "Яндекс. Такси Корп" ЖШС, "Яндекс. Еда Казахстан" ЖШС, "Яндекс LLP" ЖШС) осы жылдың қараша айының соңына дейін Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексерулер жүргізілетін болады. Тексерулер шеңберінде дербес деректерді қорғау саласындағы, оның ішінде деректерді сақтауды оқшаулау және оларды қорғау бойынша қабылданатын ұйымдастырушылық және техникалық шаралар бөлігінде заңнама талаптарының сақталуын жан-жақты және кешенді зерделеуді жүргізу жоспарланып отыр", – деді Жаслан Мәдиев Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында.
Тексеру нәтижелері бойынша белгіленген талаптардың сақталуына баға беріледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою жөніндегі ұсынымдарды және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы мәселені қарауды қоса алғанда, уәкілетті органның құзыреті шеңберінде тиісті ден қою шаралары қабылданады.
Тексеру нәтижелері БАҚ-та жарияланатыны белгілі болды.