Yandex, Glovo, Wolt платформалары арқылы нәпақа тауып жүргендер салық төлейтін болады

506

Ол үшін Қаржы министрлігі арнайы пилоттық жоба жүргізбек. 

Yandex, Glovo, Wolt платформалары арқылы нәпақа тауып жүргендер салық төлейтін болады Фото: yandex.kz

Орталық коммуникациялық қызмет алаңында "Көлеңкелі экономикамен күрес шаралары туралы" өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов Yandex, Glovo, Wolt секілді платформаларда қызмет көрсететін жандардың салық төлеуі үшін жаңа пилоттық жоба қолға алынғанын айтты деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Данияр Жанәліновтің айтуынша, тұрғындардың арасында жеке кәсіпкерді тіркеудің және сәйкесінше салық төлемеу себептерінің бірі салық міндеттемелерінің туындауынан қорқу. 

"Мұндай міндеттемелерді оңайлату мақсатында Yandex, Glovo, Wolt секілді онлайн платформалар арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғалар үшін пилоттық жобаны жүргізу мәселесі қаралуда. Пилоттық жоба шеңберінде "E-salyk Business" мобильді қосымшасында дара кәсіпкер ретінде оңайлатылған тіркеуден өту кезінде салықтарды интернет-платформа ұстайтын болады", -дейді Данияр Жанәлінов. 

Пилоттық жоба сәтті аяқталған жағдайда салық, зейнетақы және әлеуметтік заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Ол бойынша онлайн платформада қызмет көрсететіндер Дара кәсіпкер емес, "тәуелсіз қызметкер" ретінде қызмет көрсететін болады. 

"Интернет-платформада тіркелу кезінде жеке тұлғаға тәуелсіз қызметкер ретінде салық міндеттемесін орындау нұсқасын таңдау ұсынылады. Осыдан кейін кірістерді есепке алу және салықтарды есептеу МКК мобильді қосымшасымен интеграциялау жолымен интернет-платформамен жүргізілетін болады", - деді Данияр Жанәлінов.

Осылайша, салық төлеуші салық міндеттемесін өздігінен (E-Salyq Azamat-та) немесе интернет-платформа операторы арқылы автоматты түрде орындайтын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу