Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр - Мақсат Толықбай

1228

Мәжіліс депутаты Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайы туралы айтты. 

Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр - Мақсат Толықбай Фото: Qadam.asia

Халық қалаулысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдап, кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды сұрады, деп жазады inbusiness.kz.

"Кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі, кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тай қазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр", - деді ол.

Халық қалаулысының сөзінше, абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік мамандардың дабылына құлақ асар емес.

"Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені, кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ, күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген "Қазқайтажаңғырту" республикалық мемлекеттік кәсіпорны "қанағаттанарлық" деп қана баға берген. Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр", - деп атап өтті депутат.

Мақсат Толықбай бұл мәселенің биылғы 10-25 қыркүйекте Сауд Арабияның Эр-Рияд қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланатынын жеткізді. Алайда, арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ, деді спикер.

Депутат ҚР Премьер-Министрінің орынбасарынан кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге, кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуын сұрады.

"Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражат бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз", - деп қорытындылады депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу