Ыстанбұлда түркі елдерінің cыртқы істер министрлері жиналды

330

Іс-шараға Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастап барды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ыстанбұлда түркі елдерінің cыртқы істер министрлері жиналды Фото: gov.kz

Отырыс Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен өтті. Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысы қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, саяси диалогты одан әрі нығайту, институционалдық ынтымақтастықты кеңейту және түркі әлеміндегі өзара іс-қимыл мен интеграцияны тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету перспективалары талқыланды.

Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жоспарланған алдағы іс-шараларға дайындық мәселелеріне, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында Ә.Бақаев өзге делегация басшыларымен бірге Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайып Ердоғанның қабылдауында болды. Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды.

Тараптар бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және түркі әлемінің халықаралық әрі өңірлік үдерістердегі рөлін арттыруға өзара мүдделілік білдірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға қатысты бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ ТМҰ+ форматында үшінші тараптармен ынтымақтастық туралы ереже бекітілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу