Ыстықкөл аумағындағы Қазақстан меншігіне кіретін 4 санаторий қонақ үйге айналады

263

Қазақстан төрт жыл ішінде оларды 3 және 4 жұлдызды қонақ үй деңгейіне жеткізуі тиіс. 

Ыстықкөл аумағындағы Қазақстан меншігіне кіретін 4 санаторий қонақ үйге айналады Фото: aquarida-tour.kz

Мәжіліс 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді  және осы келісімге  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Менің түсінуімше, 2006 жылғы келісімшарттары бойынша нысандар Қазақстанның меншігінде қалуы үшін біз оларды 2010 жылға дейін үш және төрт жұлдызды қонақ үй деңгейіне жеткізуіміз керек болған. Бүгінгі күнге дейін ештеңе жасаған жоқпыз. Өткен жылы келісімге өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес біздің міндеттемелеріміздің орындалу мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Келісімнің бұрын жасалған шарттарының орындалмау себептерін айтсаңыз. Егер нысандар бойынша шарттар орындалмаса, Қазақстан үшін қандай салдары болмақ?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау. 

Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, келісімге 2006 жылы қол қойылды. 

"Келісімшарт бойынша Қазақстан үкіметі төрт шипажайды қонақ үй деңгейіне жеткізу керек болатын. Бірақ біз оны істеген жоқпыз, бірнеше себебі бар. Біріншісі Қырғызстанда экономикалық және саяси тұрақтылық болған жоқ. Екіншіден, республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан осы санаторийлерге қонақ үй деңгейінде жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бұл келісімшартты біз бес жылға создық. (...) Бес жылдың ішінде осы шипажайларды үш, төрт жұлдызды қонақ үйге айналдырмасақ, қонақ үйлер Қырғыз Республикасына өтеді",  – деді ведомство басшысы.

Құжатта Қазақстанның төрт курорттық-рекреациялық шаруашылық объектісіне меншік құқығы қарастырылған. Оларға ҚР Президентінің Іс басқармасы қарамағындағы "Қазақстан" санаторийі, Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Самал" демалыс үйі, "Университет" спорттық-сауықтыру лагері, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігінің "Олимп" демалыс базасы кіреді. Қазақстан осы нысандарды 2029 жылдың соңына дейін 3 және 4 жұлдызды қонақ үй деңгейіне жеткізу жөніндегі міндеттеме алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу