ЮНИСЕФ Қазақстанның бала денсаулығындағы жетістігін жоғары бағалады

93

Министр медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамытудағы ЮНИСЕФ-тің рөлін ерекше атап өтіп, патронаждық бақылаудың әмбебап-прогрессивті моделін енгізудегі ұйымның үлесін жоғары бағалады. 

ЮНИСЕФ Қазақстанның бала денсаулығындағы жетістігін жоғары бағалады Фото: ДСМ

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы доктор Рашед Мустафа Сарвармен кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен алдағы бағыттарын талқылап, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстан балалар өлімі көрсеткіштері бойынша Орталық Азия елдері арасында алдыңғы қатарда. Бұл көрсеткіш көрші мемлекеттермен салыстырғанда 1,5–3 есе төмен. Сарапшылар мұны денсаулық сақтау жүйесінің дамуымен, медициналық қызметтердің қолжетімділігімен және ресурстық қамтамасыз етудің жоғары деңгейімен байланыстырады.

Халықаралық ұйымдардың бірлескен есебіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда неонаталдық өлім деңгейі 3,9%-ды құрады. Бұл өңірдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі және дамыған елдермен, соның ішінде АҚШ деңгейіне жақын.

ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы Қазақстанның бұл бағыттағы жетістіктерін жоғары бағалап, елдің тәжірибесі халықаралық деңгейде үлгі бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, халық тығыз орналаспаған үлкен аумақта ана мен бала өлімін азайту – күрделі міндет, ал Қазақстан бұл бағытта жүйелі әрі тиімді шешімдер қабылдап отыр.

Кездесу аясында тараптар ерте жастағы балаларды дамыту, психикалық денсаулықты нығайту, балалар құқықтарын қорғау және сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы жаңа елдік бағдарламасы шеңберіндегі ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.

Тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдіріп, педиатриялық көмектің сапасын арттыру, ерте араласу жүйесін дамыту, балалар арасындағы семіздіктің алдын алу және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтар ретінде айқындалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу