Зайсан көлі тартылып барады

1651

Тұрғындар бұрын-соңды айдынның осылай құрғағандығын көрмедік дейді.

Зайсан көлі тартылып барады Фото: Данияр Өміржан

Биыл Зайсан көлі жағалаудан 1-2 шақырымға дейін алыстап кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның іргесіндегі Тұғыл ауылында тұратын халқы бұрын-соңды айдынның осылай құрғағандығын көрмедік дейді. Жағалау таязданып, кеуіп жатқандықтан балықшылар "қайықпен көлге шыға алмай қаламыз ба?" деп алаңдаулы.

"Балыққа да зияны көп қой. Қазір қамыс-қамыстың арасының бәрінен су қайтып кетті. Уылдырық төгетін уақыты. Манақбай деген жерде, қамыстың арасында мүлдем су қалған жоқ. 2-3 шақырымға дейін көл алыстап кетті. Қамыстың бәрі қыр болып қалды. Енді білмеймін, қалай шығамыз қайықпен. Жақында балық аулау маусымы басталады. Тұғыл ауылының дені осы балықпен күн көріп отыр. Көлдің жағдайы мынау болса, қайдан балық болсын,"- дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Ермек Жұмағалиев.

Бұл құрғақшылықтың салдары ма, әлде экологиялық мәселе ма ауылдықтар білмейді. Халық арасында түрлі қауесет тараған. Кейбірі Қытай арқылы ағып келетін Қара Ертісті көрші елде бұрып алған деген болжамдар айтуда.

"Халық алаңдап отыр. 2022 жылдан бастап су деңгейі ақырындап түсе бастады. Қазір 5-6 метерге дейін деңгейі төмендеген. Бұл біздің балықшыларға өте ауыр тиеді. Не себепті осылай құрғап бара жатқандығын білмей отырмыз. Ел ішінде түрлі болжамдар айтылып жүр",-дейді Тұғыл ауылының тұрғыны Дулат Байкубенов.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі мамандар биыл өңірде Зайсаннан бөлек өзге де өзен-көлдердің тартылып бара жатқандығын мойындайды. Тіпті кейбір шағын өзендер көктемде тасымай, мүлдем құрғап қалған. Ал Бұқтырма су қоймасы мен Зайсандағы су қоры 50 процентке дейін азайған. Оған мамандар соңғы жылдағы құрғақшылық себеп деп отыр.

"Мысалы 100 процент дегеніміз - 49 миллиард  текше метр болса, сонда 24-25 миллард текше метрге дейін көл түсіп кетті ғой. Құрғақшылық болғаннан кейін өзендерден судың келуі азайды. Бұқтырма өзені, ең көп су келетін Ертіс өзендері, Күршім, Қалжыр бәрінен су аз келіп жатыр," – дейді "Ертіс бассейіндік инспекциясы" РММ бастығының міндетін атқарушы,  Ернар Мәдиев.

Зайсан көлінің тартылуы осыған дейін 1992 жылы байқалған. Мамандар жазда таудан келетін су молайса, айдын қалпына келуі мүмкін деп үмітеніп отыр.  Ал "Қазгидромет" өкілдері өзен, суларға жүргізген  гидрологиялық мониторинг нәтижесінде Ертістің өткен жылмен салыстырғанда 1 метрге дейін төмендеп кеткендігін анықтаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу