Зайсан тұрғынының айып тұраққа қойылған көлігі үш күн ішінде ұшты-күйлі жоқ болып кеткен

1005

Зайсан ауданының тұрғыны Еркін Тойбазаров 10 айдан бері Өскемендегі айыптұрағында жоғалған көлігін іздеп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Зайсан тұрғынының айып тұраққа қойылған көлігі үш күн ішінде ұшты-күйлі жоқ болып кеткен Фото: Бейнежазбадан

Себебі осы көлігімен жанұясын асырап отыр.

Өткен жылдың сәуір айында жол патруьдік полициясы азаматты тоқтатып, өтелмеген айыппұлы үшін көлікті тұраққа қамаған. Артынан темір тұлпарын алуға барғанда қойған орында жоқ болып шыққан. 

Еркін Тойбазаров тұрақта жоғалған шетелдік нөмердегі көлігін іздеп, 450 шақырым жерден Өскеменге 6-7 рет келген. 

– 2023 жылы сәуірдің 1 күні Өскеменде жол патруьдік полициясы тоқтатып, өтелмеген айыппұлыңыз бар деп, көлікті айыптұрағына қамады. Үш күн ішінде айыппұлды толық төледім. Көлігімді алайын деп барсам, көлігім жоқ. Содан бері он ай болды. Таппай жүрмін, – дейді көлік иесі.

Сол кезде ол Ішкі істер министрлігіне шағымданған. Кейін Полиция басқармасынан хабарласып, одан көлігін алып кетуін сұраған. 

– Құжаттарымды алып, айыптұраққа келдім. Ішке кіргізбеді. Полицияға қайта хабарласып жүріп әрең кірдім. Қарасам қойған жерімде көлігім жоқ. Айыптұрақтағылар маған сіз шулатпаңыз. Көлігіңіз табылмаса, ақшаңызды береміз деді. Бірақ сөздерінде тұрмады. Кейін полицияға арыз бердім. Олар тексеріп жатырмыз дейді. Барлығын істеп отырған өздері,  – дейді Еркін Тойбазаров.

Ол осы көлігімен жолаушыларды тасып, отбасын асырап келген. 

– Жанұямды осы көлікпен асырап жүр едім. Қазір не істерімді білмеймін. Оқып жатқан студен балам бар, несие төлеймін қиналып кеттік. Тіпті осылардың кесірінен көлігімді қазақ нөмеріне аудара да алмай қалдым. Олар көлігіңізді алып келіп көрсетіңіз дейді. Ол уақыттан да қалып қалдым, – дейді көлік иесі. 

Еркін Тойбазаров әкімдікке қарасты айыптұрақта көлігінің жоғалғанына әлі сене алар емес. Осы орайда облыстық Полиция департаментіне хабарластық.

– Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында облыс орталығы тұрғынының өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық жағдайлар тергеу барысында анықталатын болады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды, – дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, өзге ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек айыптұрақты "Сағыр-Күзет" компаниясы күзетеді. Өкінішке қарай компания өкілдерінен ақпарат алу мүмкін болмады. Мәселенің нақты қашан шешілері әлі белгісіз. Арнайы күзеттің бақылауындағы тұрақтан көліктің жоғалуы шынымен де таңқаларлық жағдай. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу