Осы орайда, Қазақстанда мобильді аударымдарды тексеру нормасына қатысты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов түсінік беріп өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Заңда барлық норма жазылған, ережені Ұлттық банк қабылдады. Осы орайда 15 сәуірге дейін бекітілген талаптар бойынша банктерден бірінші тоқсанның мәліметтерін аламыз. Сұрақта қойылған аударымдарға қатысты мәселеде тексеру болмайды, яғни оны бизнес процеске жатқызбаймыз. Туған күнге немесе осы сияқты басқа іс-шараларға жиналған қаражат бақылауға жатпайды. Бизнес аударым болмаса, бұл процестен Қазақстанның ешбір азаматына залал келмейді, – деді ол.
Министрдің сөзінше, бір адамда жеке кәсіпкерлігіне арналған және жеке өзінің банк картасы болады.
– Бұл адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, оның жеке картасына туған күніне орай жан-жақтан қаражат аударылса, мұны кәсіпкерлік ретінде санамаймыз, – деді вице-министр.
Елімізде мобильді аударымдарды тексеру 15 сәуірге дейін жалғаспақ. Кірістер комитеті жыл басынан бері кәсіпті заңдастырып, салық есебін тапсыруға үндеп келген.
Ережеге сәйкес, жалпы сомасы 1 млн теңгеден асатын және 3 ай қатарынан 100-ден аса аударым қабылдаған азаматтар бірден тексеріледі. Бұдан былай банктер берген мәліметтердің нәтижесінде ескертуді елемегендерге хабарлама жіберіледі. Десе де, бірден айыппұл салынбайды. 30 күнде қаржының қайдан келгенін түсіндіру маңызды. Қаражаттың бизнеске қатысы жоқ екені дәлелденсе, бақылаудан босатылады. Ал ескертуді елемегендер шотына түскен қаржының 10 пайызын салық ретінде төлеуге міндеттеледі.