Заңгер жемқорлыққа қарсы мәдениет неден басталатынын айтты

130

​Биылғы он айда елімізде 751 жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған.

Заңгер жемқорлыққа қарсы мәдениет неден басталатынын айтты Фото: ЖИ

Жемқорлыққа қарсы жаза күшейгенімен, бұл кеселдің тамырына әлі күнге дейін толық балта шабылмай отыр. Парақорлықты ауыздықтау үшін қандай жаңа шаралар қолға алынуы керек? Заңнамалық тұрғыдан қандай өзгерістер қажет? Осы тақырыпқа байланысты заңгер, "Азаматтардың құқықтарын қорғау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру" жобасының координаторы Ләззат Рақышеваның пікірін білдік, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сыбайлас жемқорлық фактілері мен оның салдары туралы ақпарат кеңістігінде айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен қоғамдағы бұл ашық ескертулер мен қылмыстық жазалар көпшілікке сабақ болар емес. Осы тұста сандарды сөйлетсек.  Тек соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда 3 мыңнан астам парақорлық дерегі анықталды. Оның басым бөлігін шенеуніктер жасаған. Ал биылғы он ай ішінде жеті жүзден аса сыбайлас жемқорлыққа қатысты дерек тіркелді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында айтқан болатын.

"Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз. Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді. "Өзіміздікі" және "Өзіміздікі емес", тіпті "бөтен" деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.

                                                                                                     Сарапшы пікірі

Заңгер Ләззат Рақышева парақорлыққа қарсы мәдениет неден басталуы тиіс екенін айтты.

"Ең алдымен, әділдік қағидатын қамтамасыз ету және жоғары лауазымды тұлғалардың жеке үлгісі маңызды деп санаймын. Қоғамдық сана қосарланған стандарттарға өте сезімтал. Азаматтар тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтан тек заңның қатардағы қызметкерден бастап министрге немесе ұлттық компания басшысына дейін барлығына бірдей қолданылатынына көз жеткізген жағдайда ғана бас тартады. Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты ашық әрі қоғамға түсінікті сот процестері мемлекеттік институттарға деген сенімді қалыптастырады. Ал қоғам назарын аударған істер жеңіл үкімдермен немесе жабық келісімдермен аяқталса, қоғамда параны мәселелерді шешудің қалыпты құралы ретінде қабылдау көзқарасы күшейе түседі", – деді құқық қорғаушы Ләззат Рақышева.

Келесі маңызды бағыт – сапалы мемлекеттік қызмет көрсету және цифрландыру арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою.

"Азаматтардың мемлекетке деген күнделікті көзқарасы олардың жеке тәжірибесі арқылы қалыптасады: мысалы, емханада, мектепте, анықтама алу кезінде немесе жолда. Кезектер мен бюрократиялық кедергілер жойылған кезде азаматтар қызметті жеделдету үшін бейресми "сыйақы" беруге мәжбүр болмайды. Сонымен қатар рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, балабақшалардан орын бөлу және жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі қарапайым әрі ашық болуы тиіс", – деп атап өтті заңгер.

Сарапшының айтуынша, үшінші бағыт – мәдени нормаларды өзгерту және тамыр-таныстықтан бас тарту. Ләззат Рақышева Қазақстанда дәстүрлі әлеуметтік байланыстардың ықпалы әлі де күшті деп отыр.

"Алайда туыстарға, жерлестерге және таныстарға көмектесуге ұмтылу жеке байланыстарды пайдалану арқылы артықшылық алуға, яғни непотизмге айналмауы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет танысын конкурстан тыс жұмысқа орналастыру немесе мемлекеттік органдағы мәселені шешу үшін досына телефон шалу да басқа азаматтардың құқықтарын шектейтінін түсінуден басталады. Қоғам мансаптық өсу мен бизнестегі жетістік билік құрылымдарындағы байланыстарға емес, білімге, қабілетке және кәсіби біліктілікке байланысты екенін көруі тиіс", – деп түсіндірді ол.

Төртінші бағыт – білім беру және адалдық қағидаттарын ерте жастан қалыптастыру. Сала маманының пікірінше, ересек жаста сыбайлас жемқорлық мінез-құлқының салдарымен күрескеннен гөрі, бала кезден бастап адамгершілік пен академиялық адалдық қағидаттарын қалыптастыру әлдеқайда тиімді.

"Мектептер мен жоғары оқу орындарында көшіріп жазуға, дипломдар мен бағаларды сатып алуға қарсы күрес – сыбайлас жемқорлықты қабылдамаудың алғашқы қадамы. Университетте бағаны сатып алуға дағдыланған адам болашақта кәсіби қызметінде пара беруді де қалыпты құбылыс ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру қажет: азаматтар жас кезінен бастап өз құқықтарын біліп, оларды бейресми төлемдерге жүгінбей, заңды жолмен қалай қорғауға болатынын түсінуі тиіс. Бесінші бағыт – сөз бостандығын қамтамасыз ету, журналистерді қорғау және қоғамдық бақылауды дамыту. Қоғамның белсенді ұстанымынсыз және азаматтардың өздерін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз етпей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мүмкін емес. Азаматтық белсенділер мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары өз зерттеулерін еркін жүргізіп, мемлекеттік сатып алуларды тексеріп, лауазымды тұлғалардың негізсіз баю фактілерін жария ету мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл қоғамда заңсыз табысқа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға ықпал етеді", – деп есептейді "Азаматтардың құқықтарын қорғау және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру" жобасының координаторы.

Ләззат Рақышева сыбайлас жемқорлық және бопсалау фактілері туралы хабарлайтын адамдарды қорғау қажеттігін де ерекше атап өтті.

"Әрбір адам өз хабарламасы оның құқықтарын қорғауға алып келетініне, ал жұмыс орнында немесе кәсіпкерлік қызметінде қиындықтарға тап болмайтынына, жұмыстан шығарылмайтынына сенімді болуы керек. Ол үшін хабарлаушылардың қауіпсіздігіне нақты кепілдіктер берілуі қажет. Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана мінберден айтылған үндеулермен немесе тек ақпараттық науқандармен қалыптаспайды. Ол қоғамда ашық әрі әділ ережелер орныққан кезде ғана қалыптасады. Азамат мемлекеттік институттардың адал жұмыс істейтінін, мемлекеттік қызметтердің қосымша төлемсіз қолжетімді екенін және заң бұзушылықтың лауазымы мен мәртебесіне қарамастан міндетті түрде жауапкершілікке әкелетінін көрген кезде ғана сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қоғамның қалыпты нормасына айналады", – деді құқық қорғаушы.

Жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек заңды қатайтумен немесе жазаны күшейтумен ғана шектелмейді. Мұнда мемлекет пен қоғамның ортақ мүддесі, өзара сенімі мен жауапкершілігі тоғысуы тиіс. Заң үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік қатар жүргенде ғана бұл кеселдің тамырына балта шабуға болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу