Заңнамада Назарбаевты қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін норма енді болмай ма?

917

Әділет министрлігі тиісті өзгерістерді қамтитын заң жобасы Мәжілістің қарауында екенін жеткізді.

Заңнамада Назарбаевты қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін норма енді болмай ма? Фото: inbusiness.kz

Елімізде Нұрсұлтан Назарбаевты қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік алынып тасталуы мүмкін. Мәжіліс кулуарында депутат Снежанна Имашева осыған қатысты пікір білдірді.

“Мұндай түзетулер бар. Активтерді қайтару туралы заңның ілеспе жобасы аясында жауапкершілікті жоққа шығаратын норма бар. Бұл Конституцияда қабылданған түзетулер аясында болған еді. Енді Конституцияда Елбасы мен оның өкілеттіктері туралы айтылмайды. Сол себепті Қылмыстық кодексте бұл баптар енді қажет емес. Өйткені енді Елбасы мәртебесі деген жоқ, сондықтан қылмыстық жауапкершілік те енді қажет емес және қолданылмайтын болады”, - деп жауап берді ол.

Снежанна Имашева активтерді қайтаруға қатысты заң жобаларының пакеті қабылданғаннан соң, бұл нормалар алынып тасталатынын жеткізді. 

“Нақтылар болсақ, олар қазір алынып тасталды, оны біздің комитет қарастырып жатыр. Норма тек Елбасыға ғана қатысты. Елбасыға тіл тигізгені және ар-намысын қорлағаны үшін жауапкершілік туралы нормалар ғана алынып тасталады", - деді ол.

Әділет министрлігінің мәліметінше, Парламент депутаттары бастамашылық жасаған Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселесі туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы аясында Қылмыстық кодекстен Тұңғыш Президентті көпшілік алдында қорлау немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін 373 және 374-баптарды алып тастау көзделіп отыр.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу