Заңсыз әкелінген бидайдан мемлекет 500 млн доллар шығынға ұшыраған

419

Салалық қауымдастықтардың мәліметтері бойынша, "сұр" импорт көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді.

Заңсыз әкелінген бидайдан мемлекет 500 млн доллар шығынға ұшыраған Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдық бидайды қоспағанда, ағымдағы жылдың 10 сәуірінен бастап 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге тыйым салды. Қабылданған шешімді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр Ербол Тасжүреков түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Ол соңғы бірнеше жылда отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық импорты салдарынан шығынға ұшырағанын айтты. Салалық қауымдастықтардың мәліметтері бойынша, "сұр" импорт көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде бағаланады. 

Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айының басынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеген.

Павлодар облысы, сондай-ақ Ресеймен шекаралас Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары заңсыз астықты қабылдау және транзит бойынша антилидерлер болып табылады. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде ресімделіп, транзиттік тариф төлеместен Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі. Ербол Тасжүреков контрабанданың бірнеше ашық фактілерін мысалға келтірді.

"Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өңірдегі ЖШС-нің бірі 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8,3 мың тонна көлемінде ресейлік контрабандалық астықты экспорттағанын анықтады. Бұл ретте жеңілдікті экспорттық тарифті алу үшін қазақстандық компания отандық шаруа қожалықтарының жалған шот-фактураларын пайдаланды, бұл ретте транзиттік тарифтен жалтарды және "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС-не 150 млн теңгеге жуық сомада залал келтірді",-деді вице-министр.

"Сұр импорттың" түсімін азайту үшін бидай импортын, ең алдымен ҚҚС төлемей, автомобиль көлігімен әкелуді шектеу шараларын қабылдау қажет болды, бұл отандық бидайдың құнын төмендетеді және оған сұранысты азайтады.

Аталған шаралар астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, фермерлерді тұқым материалымен қамтамасыз ету үшін тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда партиялар тұқым сапасы туралы куәлікпен бірге жүруі керек. Сондай-ақ, барлық тиісті салықтар мен алымдарды төлей отырып, астықты теміржол көлігімен жеткізуге ешқандай шектеулер белгіленген жоқ.

Айта кетейік, енгізілген тыйым уақытша сипатқа ие және оны іске асыру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу