Қазақстан азаматы заңсыз онлайн-казино қызметін жарнамалады деген күдікпен Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство мәліметінше, күдікті 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі көпшілік аудиторияны пайдаланып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казиноны жарнамалаған. Сондай-ақ қазақстандықтарды құмар ойындарға қатысуға үгіттеген.
Тергеу дерегіне сәйкес, аталған жарнама үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат аударылған.
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топ 2021–2025 жылдар аралығында Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.
Қазірге дейін бұл іске қатысы бар 9 адам қамауға алынған. Ал қалған күдіктілерге, оның ішінде экстрадицияланған азаматқа да халықаралық іздеу жарияланған.
Күдікті биыл маусым айында Интерполдың сұрауы бойынша Вьетнам аумағында ұсталып, кейін Қазақстанның Бас прокуратурасының өтінішімен елге жеткізілген.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Егер кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.