Құрылтай қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Конвенцияға 1959 жылы Страсбург қаласында қол қойылған. Біз 2001 жылдан бері Сыртқы істер министрлігімен осы конвенцияға қосылу үшін бірқатар жұмыс атқардық. Былтыр маусым айында осы конвенцияға қосылу туралы шақырту қағазын алдық. Құжаттың негізгі мақсаты қылмыстық іс бойынша адамның кінәсін дәлелдеу үшін қажетті көмекті алуға бағытталған. Мәселен, олар тінту, банктегі шоттарды анықтау, қылмыстан түскен табыстарды бұғаттау, сараптама жүргізу, адамдарды айғақтарды беру үшін шақырту және басқалар болуы мүмкін. Дегенмен егер сұрау салынатын тарап өтінішті саяси қылмыс немесе оны орындау егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да айтарлықтай маңызды мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, көмек көрсетуден бас тартылуы мүмкін", – деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.
Бүгінгі таңда 50 мемлекет конвенцияның мүшесі болып саналады.
"Олардың 22-сімен Қазақстан осындай екіжақты келісімшарттарға қол қойған. Енді бұл конвенцияны ратификациялаудан кейін тиісінше қалған 28 мемлекетпен осындай екіжақты келісімшарттарға қол қоюдың негізі болмайды", – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың сөзінше, бүгінде қылмыстар бір мемлекеттің шегінде қалмайды.
"Дәлелдемелер, куәлар, жәбірленушілер, күдіктілер мен активтер әр елде болуы мүмкін. Сондықтан тергеп-тексерудің тиімділігі қажетті мәліметтерді шетелден жедел алуға және процестік әрекеттерді уақтылы жүргізуге байланысты", – деп атап өтті депутат.