Зейнетақы қорынан ақша шығару бәсеңдеді

123

Өткен айда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға берілген 38,6 мың өтінім орындалған.    

Зейнетақы қорынан ақша шығару бәсеңдеді Фото: gov.kz

БЖЗҚ дерегінше, бұл – алдыңғы жылдың маусымынан бергі, яғни 2024 жылдың екінші жартысында басталған "жинақтарды жаппай алу" кезеңінен бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұл туралы DATA-HUB арнасы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жылдық көрсеткішпен алғанда (2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда) өтінімдер саны үштен бірге азайды, ал 2025 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 90% төмендеген. Бірақ мұнда желтоқсандағы көрсеткіштердің өте жоғары болғанын ескеру керек. Өйткені, 2026 жылдан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілуі қарсаңында адамдар ақшаны пайдаланып қалуға асықты.

Қордың алдын ала есептеулері көрсеткендей, егер 2025 жылдың желтоқсанында 885,8 мың қазақстандық артық қаражатын алуға үміткер болса, қаңтардан бастап бұл көрсеткіш 849,5 мың адамға дейін төмендеді. Сонымен қатар азаматтардың тағы бір бөлігі үшін қолжетімді сома желтоқсандағы ерекше белсенділіктен кейін пайдалануға тұрмайтындай тым аз болуы мүмкін деп болжауға болады.

Ақшалай түрде алғанда жинақтарды алу динамикасы басқаша көрініс беріп отыр. Қаңтарда тұрғын үй мақсатына орындалған өтінімдер сомасы 50,9 млрд теңгені құрады. Аномальды желтоқсанмен салыстырғанда төмендеу 77%-ды құраса, жылдық көрсеткіште қазіргі мәндер номиналды түрде тіпті жоғары (шыны керек, бар болғаны 5%, бұл бағаның жалпы өсу қарқынынан төмен). Бұл жерде ұзақ мерзімді минимум туралы айтуға келмейді: бұдан төмен көрсеткіштер соңғы рет 2025 жылдың маусымында тіркелген.

Алдағы уақытта баспана үшін жинақтарды алуға тағы бір фактор кедергі болуы мүмкін: қаңтардың соңында Отбасы банкі ипотеканы ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде зейнетақы жинағымен тек негізгі борышты ғана жабуға болатынын хабарлады. Енді ай сайынғы төлемді (пайыздарды ескере отырып) тек зейнетақы жинағы есебінен толық өтеу мүмкін болмайды, өз қаражатыңыз қажет болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу