Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов азаматтардың зейнетақы қорындағы қаражатын жеке басқарушы компанияларға беру шегін қазіргі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгін әрқайсымыз ай сайын табысымыздың 10%-ын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотқа аударамыз. Бұл қаражатты Ұлттық банк басқарады. Айта кету керек, соңғы жылдары басқару сапасы жаман емес. Сонымен қатар, барлық азаматтар біле бермейді: қазір жинақтарының бір бөлігін, нақты айтқанда 50%-ына дейін, табыстылықты арттыру және тәуекелдерді әртараптандыру үшін жеке басқарушы компанияларға беруге құқық бар азаматтарда. Әрине, ештеңені өзгертпей, қаражатты толықтай Ұлттық банкке сеніп қалдыруға болады. Қалаған жағдайда әр азамат өз бетінше шешім қабылдап, жинағының бір бөлігін кәсіби басқарушыларға бере алады. Алайда бұл мүмкіндік әзірге кеңінен қолданылып отырған жоқ", – деп жазды депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, екі негізгі түзету ұсынған.
"Біріншіден, азаматтардың қаражатын жеке басқарушы компанияларға беру шегін қазіргі 50%-дан 75%-ға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл жерде ең бастысы – бұл міндет емес, құқық екенін атап өткен жөн. Екіншіден, азаматтардың өздері таңдаған басқарушы компанияға, осы жинақтарды икемді түрде басқаруға мүмкіндік беруді ұсынамыз: қаражаттың бір бөлігін консервативті құралдарға, бір бөлігін -табысы жоғары, бірақ тәуекелі де жоғары құралдарға, ал бір бөлігін теңгерімді бағыттарға орналастыру мүмкіндігін беру. Яғни "бәрі немесе ештеңе" емес стратегиясы емес, саналы таңдау", – деді ол.
Мәжілісмен бұл ұсыныстардың мәні қарапайым екенін айтады.
"Бұл – жинақтау міндетімен қатар, азаматқа өз қаражатын басқару құқығын беретін неғұрлым жетілген әрі әділетті жүйеге жасалған қадам. Қазіргі таңда біздің түзетулер талқылау кезеңінде тұр", – деді Асхат Аймағамбетов.