Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев БЖЗҚ жинағының ең төменгі жеткілікті шегіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Осы айдан бастап ол сұрақты күн тәртібіне енгіздік. Жалпы осы жеткіліктік шегін көтеру жөніндегі ұсынысты жергілікті атқарушы органдарға бердік. Біраз талқылаулар болды. Инфляция деңгейінде қосымша 10 пайызға көтеруге қатысты пікір болды. Қазір ол методикаға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстарды уәкілетті органдарға жібердік. Олар өздерінің ұсыныстарын береді. Сосын біз оны пысықтаймыз. Жоспарымыз – келер айдың аяғына дейін ондай өзгерісті енгізу. Біздің мақсатымыз – әр азаматтың зейнетке шыққан кезінде табысын жоғарылату", – деді министр.
Ведомство басшысы өткен 5 жылға талдау жасалғанын айтты.
"Азаматтарымыз зейнетақы қорынан 5 трлн теңгені шешіп алды. Алдағы 5 жылда тағы осыншама ақшаны шешіп алса, онда қордың жинақтау принципі жұмыс істемей, қаражат жинақталмайды. Сол себепті азаматтар өздерінің болашағын ойлауы керек. Біздің мақсатымыз – қордан аз шешу, көп жинақтау", – деді Асқарбек Ертаев.
Бұған дейін елімізде зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі қайта қаралатынын жазғанбыз.